Атырау қаласының болашақтағы сәулеттік келбеті мен тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мәселелері талқыланды. Облыс әкімі Болат Ақшолақов Қазақстанның жетекші урбанистерімен кездесіп, облыс орталығын кешенді дамыту бағытындағы ұсыныстарды қарады.
Жиын барысында қаланы абаттандырудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру, заманауи дизайн-код әзірлеу, қоғамдық кеңістіктерді дамыту және «Ерік Мостовой» арнасын жаңғырту жобасы бойынша бірқатар маңызды мәселе талқыланды.
Кездесуде облыс басшысына арнаны кешенді жаңғырту тұжырымдамасы таныстырылды. Айта кетейік, бұған дейін Болат Ақшолақов Атырау қаласын аралау барысында аталған нысанның қазіргі жағдайымен танысып, оны қайта жаңғыртуға қатысты нақты тапсырмалар берген болатын. Атап айтқанда, жобаны қаржыландыру көздерін анықтау, іске асыру кезеңдерін белгілеу және техникалық шешімдерді пысықтау міндеттелген еді.
Ұсынылып отырған жоба аясында «Ерік Мостовой» арнасы маңындағы 36 гектардан астам аумақты кешенді абаттандыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар жаңа инженерлік коммуникациялар, кәріз желілері мен суару жүйелерін орнату көзделген.
Жоба бойынша арна аумағында заманауи қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру, жаяу жүргіншілер және велосипед жолдарын салу, жарықтандыру жүйесін жаңарту, сәулеттік нысандар орнату және жасыл желекпен көмкерілген демалыс орындарын ашу қарастырылған. Алдын ала есеп бойынша, жұмыстарды жүзеге асыру мерзімі шамамен бір жарым жылды құрайды.
«Ерік Мостовой» арнасы осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын Жайық өзені тасқан кезде суды бұру мақсатында салынған болатын. Алайда өзендегі су деңгейінің төмен болуына байланысты нысан толық пайдаланылмай, уақыт өте келе жаңбыр және еріген қар сулары жиналатын, тұрмыстық қалдықтар төгілетін аумаққа айналды. Бұл жағдай қала экологиясына кері әсер етіп, санитарлық мәселелердің туындауына себеп болған.
Мамандардың пікірінше, арнаны жаңғырту тек аумақты көркейту мәселесін шешіп қана қоймай, қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға да мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жаңа желілер салу арқылы жеке сектордағы тұрғын үйлердің 70–80 пайызын орталықтандырылған су бұру жүйесіне қосу мүмкіндігі пайда болады. Сонымен қатар жерасты сулары деңгейінің төмендеуіне де оң әсер етеді деп күтілуде.
Кездесуде Атырау қаласының бірыңғай даму тұжырымдамасына ерекше назар аударылды. Урбанистер қаланың сәулеттік ерекшелігін сақтау, заманауи талаптарға сай дизайн-код енгізу, көгалдандыру жүйесін жетілдіру және тұрғындарға жайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
Облыс әкімі қаланы дамыту кезінде жүйелі тәсілдің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, абаттандыру жұмыстары жекелеген нысандармен шектелмей, қаланың бірыңғай «жасыл қаңқасын» қалыптастыруға бағытталуы қажет.
– Бізге бүкіл қаланы абаттандырудың кешенді тұжырымдамасы керек. Игерілмей жатқан аумақтарды Атыраудың бірыңғай жасыл кеңістігінің бір бөлігіне айналдыруымыз қажет. Жайық өзенінің жағалауы, «Ерік Мостовой» арнасы және Дендропарк шамамен 40 шақырымдық біртұтас қоғамдық кеңістікке бірігуі тиіс. Бұл тұрғындардың серуендеуіне, спортпен айналысуына және бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы жағдай жасайды, – деді Болат Ақшолақов.
Жиын қорытындысында облыс әкімі жауапты мемлекеттік органдарға урбанистермен бірлесіп, Атыраудың бірыңғай дизайн-коды, абаттандыру және көгалдандыру тұжырымдамасы бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ «Ерік Мостовой» арнасының аумағын дамыту жобасын пысықтап, дайын материалдарды белгіленген мерзімде ұсыну міндеттелді.
Жаңа бастамалар жүзеге асқан жағдайда Атырау қаласының инженерлік инфрақұрылымы жақсарып қана қоймай, тұрғындарға арналған заманауи, қауіпсіз әрі жайлы қоғамдық орта қалыптасады.