Бүгінде қоғамды алаңдатып отырған мәселенің бірі – нашақорлық. Онымен күрес ешқашан тоқтамақ емес. Саламатты ұрпақ – елдің жарқын болашағы. Сондықтан нашақорлықтың алдын алу бағытында Ұйғыр ауданы жастарының ұйымдастыруымен аудан орталығы Шонжы ауылында «Ойлан: Нашақорлыққа жол жоқ» атты ақпараттық-профилактикалық акция өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың есірткінің зияны туралы хабардарлығын арттыру, жастарды зиянды әдеттерден сақтандыру, қоғамда нашақорлыққа қарсы ортақ көзқарас қалыптастыру және әрбір азаматтың өз денсаулығы мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауына ықпал ету. Ұйымдастырушылар мұндай алдын алу шараларының қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтіп, кез келген құқық бұзушылықтың алдын алу ең алдымен ақпараттандыру мен түсіндіру жұмыстарынан басталатынын жеткізді.
Акция барысында ұйымдастырушылар орталық көшелерде ауыл тұрғындарымен кездесіп, есірткінің адам ағзасына, психологиялық жағдайына, отбасы берекесіне және қоғам қауіпсіздігіне тигізетін кері әсері туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, тұрғындарға нашақорлықтың алдын алу жолдары, зиянды әдеттерден сақтану және салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы қамтылған ақпараттық жадынамалар мен буклеттер таратылды.
Акция ауыл тұрғындарының белсенді қатысуымен өтіп, көпшілік тарапынан қолдау тапты. Тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пайдалы мәліметтермен танысты. Осындай профилактикалық іс-шаралар халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға, жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыруға және есірткісіз, қауіпсіз қоғам құруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.