Әрбір тәуелсіз мемлекеттің ең қастерлі құндылықтарының бірі – оның мемлекеттік рәміздері мен тілі. Сол себепті, рәміздеріміз елдігіміздің айғағы, тәуелсіздігіміздің белгісі. Рәміздерге құрмет көрсету – Отанға, халыққа, тарихқа деген құрметтің көрінісі. Сондықтан, Туымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз елдің бет-бейнесі, ұлттық мақтаныштың нышаны.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы – көк аспан түстес, ортасында алтын күн мен қыран бейнеленген қасиетті нышан. Көк түс – бейбітшілік пен тұрақтылықты, ал күн өмір мен молшылықты білдіреді. Қыран құс – еркіндік пен биік мақсаттардың символы. Туға қарап, біз еліміздің кең байтақ даласын, ашық аспанын, бейбіт өмірін елестетеміз.
Елтаңбада – шаңырақ пен қанатты тұлпарлар және жұлдыз бейнеленген. Шаңырақ – ортақ үйіміздің, бірлігіміздің белгісі. Қанатты тұлпарлар, батырлық пен болашаққа ұмтылысты, ал, жұлдыз – жарқын келешекті білдіреді. Елтаңба – мемлекетіміздің тұтастығы мен тұрақтылығының нышаны.
Әнұран – еліміздің мемлекеттік Әнұраны орындалғанда әр азамат орнынан тұрып, қолын жүрекке қойып, құрмет көрсетеді. Бұл – Отанға деген сүйіспеншіліктің белгісі деп саналады. Әнұранның сөздері елге деген мақтаныш пен сенімді арттырады, халықты бірлікке шақырады.
Рәміздер – Тәуелсіздіктің тұмары. Оларды құрметтеу арқылы біз өз елімізді, тарихымызды және болашағымызды құрметтейміз. Рәміздерге деген құрмет Отанға деген махаббаттың жарқын көрінісі. Оларды қорлау немесе дұрыс пайдаланбау елге деген құрметсіздік. Сондықтан, әрбір азамат мемлекеттік нышандарды қастерлеп, олардың мән-мағынасын терең түсінуі қажет.
Осыдан біраз уақыт бұрын әлеуметтік желілерде осы рәміздерге деген құрметсіздік көрсетілген болатын. Яғни, рәміздерді өрттеп қорлаған, терезеге күннен қорғану үшін ілінген бейнероликтер тараған еді. Сонда, еліміздің басты нышандарын әрқайсымыз мазақ етіп, тұрмыстық жағдайларға пайдаланып, әдейі бүлдіріп жүретін болсақ, құрметіміз, қазақилығымыз, адамгершілігіміз бен сыйластығымыздың қайда қалғаны. Яғни, осы аталған жағдайға байланысты мемлекеттік рәміздерді дұрыс пайдаланбау және қорлау заң алдында жауапкершілікке әкеліп соғатынын, жаза қарастырылғанын ескерген жөн.
Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу – заңмен бекітілген міндет қана емес, ол жүректен шығатын құрмет. Мектептерде, мемлекеттік мекемелерде Ту ілініп, маңызды іс-шаралар Әнұранмен басталады. Бұл жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастырады. Рәміздер – тәуелсіздігіміздің тұғыры. Оларды құрметтеу арқылы біз елдігімізді, бірлігімізді және болашаққа деген сенімімізді нығайтамыз. Сондықтан, әрбір қазақстандық азамат мемлекеттік рәміздерді қастерлеп, оларды мақтан тұтуы тиіс. Рәміздерге құрмет – елге құрмет!