Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында атқарылған жұмыс барысын баян етті.
Оның айтуынша, жыл басынан бері өңірде өткен экологиялық акцияларға 270 мыңнан астам тұрғын, 7 мыңнан астам мекеме мен кәсіпорын қатысқан. Осының нәтижесінде жүз мыңнан астам аула, екі мыңға жуық әлеуметтік нысан, 354 саябақ пен сквер тазартылған. Сонымен қатар өзен-көлдер мен су қоймалары жағалауларының 22 мыңнан астам аумағы және 28 шақырымнан астам арық жүйесі қоқыстан тазартылып отыр. Бұл жұмысқа 442 арнайы техника жұмылдырылып, полигонға 24 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылған.
Бағдарлама аясында өңірде қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жұмыс та кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы мақсатта 395 бейнебақылау камерасы орнатылып, 1482 көп қабатты тұрғын үйге су есептегіш құралы қойылған. Сондай-ақ 332 мыңнан астам ағаш пен жасыл желек цифрлық базаға енгізіліп, шамамен 220 мың көшет отырғызылған. Бұдан бөлек, қалдықтарды сұрыптап жинауға арналған 300 фандомат пен электр көліктеріне арналған 8 қуаттау станциясы орнатылып, 26 шақырым велосипед жолы салынып, пайдалануға берілген.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы өңірде өз жалғасын тауып келеді. Қатты дауылда құлаған ағаштар, сынған бұталар акция аясында жиналып, көшелер ретке келтірілді. Жалпы «Таза Қазақстан» акциясы апта сайын сенбілік өткізумен ғана шектелетін жоба емес. Оның басты мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, табиғатқа жанашырлықпен қарауды күнделікті өмір салтына айналдыру. Бұл – әрбір азаматтың қатысуын қажет ететін ортақ іс. Биыл облыс аумағында «Мөлдір бұлақ», «Таза жағалаулар», «Мектеп орман шаруашылығы», «JasylCross – 2026» экологиялық плоггингі секілді 41 экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Алдағы айларда «Тазалық марафоны», «Таза өлке» акциясы, экологиялық өнер көрмесі, «ЭкоХаб» орталығының ашылуы және басқа да маңызды жобалар жүзеге аспақ, – деді Исатай Еспағанбетов.
Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы демеушілердің қолдауымен 13 саябақпен сквер салынса, биыл 26 жоба жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар өңірде қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бағытында стрейч-пленка өндіретін өндірісті іске қосу да жоспарланып отыр.