Ойылдағы құрылыс жұмыстары бақылауда

0 1

Ойыл ауданына жұмыс сапарымен барған Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жол құрылысы мен инфрақұрылымдық жобалардың орындалу барысымен танысты. Сонымен қатар, өңір басшысы аудан жастарымен кездесіп, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.

Сапар барысында облыс әкімі Шұбарқұдық – Ойыл – Қобда – Тұзтөбе бағытындағы ұзындығы 41,1 шақырымды құрайтын автожолды орташа жөндеу жұмыстарын көрді. Жоба 2027 жылы аяқталуы жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында дайындық және жол төсемін төсеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нысанға 29 жұмысшы мен 15 арнайы техника жұмылдырылған.

Асхат Шахаров мердігер ұйымға жұмысты белгіленген кестеге сәйкес әрі сапалы орындауды тапсырды.

– Жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалар кідіріссіз жүзеге асырылуы тиіс. Бөлінген қаражаттың тиімділігі мен сапа басты назарда болуы қажет, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар өңір басшысы Ойыл ауылына кіреберіс көпір құрылысының барысымен танысты. Құны 3,4 млрд теңгені құрайтын жобаны «Теңізстройсервис Групп» ЖШС жүзеге асыруда. Бүгінде көпірдің барлық тіректері орнатылып, арқалықтары қойылған, көлік қозғалысы уақытша жол арқылы ұйымдастырылған.

Аймақ басшысы құрылыс алаңында ауыл ақсақалдарымен кездесіп, инфрақұрылымдық жобалардың өңір дамуы үшін маңызын атап өтті.

Сапар аясында Асхат Шахаров аудан жастарымен де кездесті. Ашық форматтағы кездесуде жастар саясаты, білім мен еңбек нарығындағы мүмкіндіктер және заманауи құзыреттерді дамыту мәселелері талқыланды. Жастар ресурстық орталығында өткен жиында өңір басшысы мемлекет тарапынан жастарға кең мүмкіндік жасалып отырғанын атап өтті.

– Бүгінде жастарға білім алу, кәсіби даму және жаңа дағдыларды игеру үшін барлық жағдай жасалған. Заманауи технологиялар мен рухани құндылықтарды қатар дамыту маңызды, – деді Асхат Шахаров.

Кездесу барысында жастар өз ұсыныстарын ортаға салып, пікір алмасты. Өңір басшысы жастар бастамаларына қолдау көрсетілетінін айтып, олардың белсенділігі аудан дамуының маңызды факторы екенін жеткізді.

Сапар соңында облыс әкімі Ойыл ауылындағы 320 орындық жаңа мектеп пен балабақша жұмысымен танысты. Қазіргі таңда мектепте 109 оқушы білім алса, мектепке дейінгі мекемеде 30 бала тәрбиеленуде. Нысандар заманауи талаптарға сай жабдықталған.

Асхат Шахаров білім беру инфрақұрылымын дамыту және өскелең ұрпаққа сапалы жағдай жасау бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын атап өтті.