Бүгінде мерзімді әскери қызмет жас азаматтар үшін тек әскери міндетін өтеу кезеңі ғана емес, сонымен қатар кәсіби тұрғыдан шыңдалып, өмірлік тәжірибе жинақтайтын маңызды мектепке айналып отыр. Бұл бағытта «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты жөндеу-қалпына келтіру базасында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың маңызы зор.
Соңғы жылдары аталған әскери бөлімде қалыптасқан игі тәжірибе көптеген жас сарбаздың мамандық бойынша білімін жетілдіріп, еңбек дағдыларын дамытуға мүмкіндік беруде. Әсіресе техникалық бағыттағы кәсіп иелері үшін бұл орта кәсіби шеберлікті арттырудың тиімді алаңына айналған.
Бөлімге шақырылған сарбаздардың арасында слесарь, токарь, дәнекерлеуші және басқа да техникалық мамандық иелері аз емес. Олар әскери қызмет барысында қару-жарақ пен әскери техникаларды жөндеу жұмыстарына қатысып, теориялық білімдерін іс жүзінде бекітуде.
№ 01731 әскери бөлімінің жөндеу-қалпына келтіру батальонының командирі, майор Шыңғыс Сәбетбековтің айтуынша, әскери бөлімде жастардың кәсіби әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
– Біз үшін сарбаздарды тек әскери тәртіпке баулу ғана маңызды емес. Әр азаматтың бойындағы қабілетін ашып, оның кәсіби деңгейінің өсуіне жағдай жасау да басты міндеттердің бірі. Әскери техникамен жұмыс істеу барысында олар күрделі механизмдердің құрылымын терең меңгеріп, тәжірибе жинақтайды. Бұл болашақта азаматтық өмірде де өз пайдасын тигізеді, – дейді батальон командирі.
Мұндай мүмкіндік сарбаздардың өздеріне де үлкен серпін беріп отыр. Олар бір жылдық әскери қызмет уақытын тек жауынгерлік даярлыққа емес, мамандықтарын жетілдіруге де тиімді пайдаланып келеді.
Солардың бірі – мерзімді әскери қызметші Мағжан Асылханұлы. Ол бүгінде зымыран-артиллериялық қару-жарақтарды жөндеу шебері ретінде қызмет атқарады.
– Әскери техникамен жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл қызмет маған ұнайды әрі өз мамандығымды жетілдіруге мүмкіндік беріп отыр. Теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, күн сайын жаңа нәрсе үйренеміз. Тәжірибелі офицерлер мен мамандар өз білгендерін үйретіп, кәсіби тұрғыдан өсуімізге көмектеседі. Осы уақыт ішінде өзімді анағұрлым білікті маман ретінде қалыптастырып келе жатқанымды сезінемін, – дейді сарбаз.
Жалпы, әскери қызметтің жастар өміріндегі орны ерекше. Әскер қатарында өткен уақыт олардың жауапкершілігін арттырып, тәртіпке баулиды, қиындыққа төтеп беруге үйретеді. Сонымен қатар мамандық бойынша тәжірибе жинауға, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби дағдыларды меңгеруге жол ашады.
Бүгінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген көптеген жас азамат әскери бөлімдерде алған тәжірибесін болашақ өмірінде тиімді пайдаланып келеді. Сондықтан әскерді тек әскери міндетті орындау кезеңі емес, тұлғалық және кәсіби қалыптасудың маңызды мектебі деп бағалауға толық негіз бар.