Әскери ант – жауапкершілік пен адалдық белгісі

0 4

Жамбыл өңіріндегі 11971 әскери бөлімінде жас сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімі салтанатты жағдайда өтті. Ел тыныштығы мен шекара қауіпсіздігін қорғауға бел буған 84 сарбаз Отанға адал қызмет етуге серт беріп, әскери өмірдегі ең маңызды қадамдарының бірін жасады. 

Сап алаңында ұйымдастырылған тағылымды іс-шара Мемлекеттік Әнұранмен басталып, әскери дәстүрге сай жоғары деңгейде өтті. Жас жауынгерлердің бұл күнгі толқынысы мен жауапкершілігі олардың жүздерінен анық байқалды. Әскери ант – әр азаматтың ел мен жер алдындағы қасиетті парызын сезініп, жауапкершілікті жүрекпен қабылдайтын тарихи сәт.

Салтанатты жиында Меркі ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Арғымбаев сөз сөйлеп, жас сарбаздарға ел сенімін абыроймен ақтауға тілектестік білдірді. Сондай-ақ №85395 әскери бөлім командирінің орынбасары – штаб бастығы, подполковник Шерхан Тоқболаев әскери тәртіп пен Отанға қызмет етудің маңызын атап өтті.

Ардагерлер атынан сөз алған Қанат Жайлыбаев жас буынның ел қорғаны болу жолындағы жауапты міндетіне тоқталып, әскери өмірдің шыңдалу мектебі екенін жеткізді. Ал, сарбаздардың ата-аналары балаларына ақ жол тілеп, олардың елге қызмет ететін азамат болып қалыптасуына сенім білдірді.

Ант қабылдау рәсімі әскери шерумен қорытындыланып, көпшілікке ерекше рух сыйлады. Бұл күн жас сарбаздардың жадында мәңгі сақталып, олардың азаматтық борышқа деген адалдығын айқындайтын маңызды белес ретінде қалары анық.