Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға баса назар аударылуда

0 3

Біздің Жамбыл облысы Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы 2026 жылдың бірінші тоқсанында «Заң мен тәртіп» қағидаты негізінде, барлық мүдделі мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізді.

Есепті кезеңде негізгі назар аударылған отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуда оң өзгерістер байқалды. Нәтижесінде аталған бағыттағы қылмыстар саны 52,2 пайызға төмендеп, 32 деректі құрады (2025 жылы – 67). Сонымен қатар 1247 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, учаскелік полиция инспекторлары тарапынан 978 қорғау нұсқамасы шығарылды, 139 ерекше талап белгіленді. Сот шешімімен 33 тұлға психокоррекциялық жұмыстардан өтуге міндеттелді.

Профилактикалық бағытта бірқатар республикалық ауқымдағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Сталкинг», «Тұрмыс», «Қауіпсіз үй» акциялары, сондай-ақ «Зорлық-зомбылықсыз жанұя» форумы өткізілді. Бұл іс-шаралар құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға оң ықпал етті.

Келесі кезекте бұрын сотты болған тұлғалармен жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қылмыстар саны 4,3 пайызға төмендеді. Қазіргі таңда профилактикалық бақылауда 8 221 тұлға тұр, ал жыл басынан бері 1 729 азамат есепке алынды.

Масаң күйде жасалатын қылмыстар саны 33,6 пайызға азайды. Қоғамдық орындардағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында 1480 азамат жауапкершілікке тартылып, алкоголь өнімдерін заңсыз сату бойынша 189 дерек анықталды. Нәтижесінде 111 кәсіпкердің лицензиясы уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар, «Арақсыз ауыл» жобасы облыстың 54 елді мекенінде іске асырылып, қоғамдық тәртіптің нығаюына ықпал етуде.

2026 жыл «Балалар жылы» деп жариялануына байланысты жас ұрпақтың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше мән берілуде. Осы бағытта кәмелетке толмағандар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Балаларға қатысты қылмыстар саны 17,9 пайызға төмендеді. Бүгінде 531 мектеп пен 42 колледжге 700-ден астам полиция қызметкері бекітіліп, профилактикалық жұмыстар күшейтілді.

Профилактикалық есепке 188 жасөспірім және бала тәрбиесіне салғырт қарайтын 105 ата-ана алынды. 11 кәмелетке толмаған арнайы білім беру ұйымдарына жолданып, 26 тұлға ата-ана құқықтарынан айырылды. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялардың 69 отырысы өткізілді. Қазіргі таңда 309 қолайсыз отбасы 409 жасөспірім есепте тұр.

Рейдтік іс-шаралар барысында ішкі істер органдарына 3615 кәмелетке толмаған жеткізіліп, 3581 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде:

  • 3148 дерек – түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүргені үшін,
  • 443 – ата-аналардың тәрбиелік міндеттерін орындамауы,
  • 115 – ойын-сауық орындарында болуына жол беру,
  • 90 – ұсақ бұзақылық,
  • 23 – алкоголь тұтыну,
  • 20 – буллинг және кибербуллинг фактілері.

Жүргізілген талдау кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың негізгі себептерін айқындады. Олар – ата-ана бақылауының жеткіліксіздігі, қараусыз қалу, асоциалды ортаның әсері, бейресми көшбасшылардың ықпалы, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы теріс ақпараттың таралуы, тұрмыстық жанжалдар, сондай-ақ жекелеген отбасылардың материалдық жағдайының төмендігі.

Осыған байланысты кешенді профилактикалық шаралар қабылдануда. Атап айтқанда білім беру ұйымдарында 2787 дәріс өткізілді, халыққа құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ақпараттық буклеттер мен брошюралар таратылды. Сонымен қатар, интернет-ресурстарда 771 бейнеролик орналастырылып, түрлі әлеуметтік фильмдер көрсетілуде. «Тәуекел тобындағы» жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен жеке профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Сонымен бірге, білім беру ұйымдары және кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялармен өзара іс-қимыл күшейтілді.

Сонымен қатар, полиция қызметкерлері тарапынан бейресми көшбасшыларды ерте анықтау, жасөспірімдердің түнгі уақыттағы жүріс-тұрысын бақылау, сондай-ақ буллинг пен бопсалаудың алдын алу бағытындағы жұмыстар жандандырылды. «Жас сақшы» жобасы аясында құқықтық тәрбие беру жұмыстары жандандырылды.

Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру аясында өңір аумағында ауқымды «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өткізілуде. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – заңсыз қоқыс орындарын анықтау, олардың көздерін жою, сондай-ақ экологиялық құқықбұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу болып табылады.

Жамбыл облысы Полиция департаменті тарапынан осы бағытта мақсатты, жүйелі және кешенді жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, акция басталғалы бері 417 заңсыз қоқыс орындары анықталып, оларды жою бойынша жергілікті атқарушы органдарға тиісті ұсынымдар мен хаттар жолданды. Қазіргі уақытта анықталған заңсыз қоқыс орындарының көздерін жою жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Сонымен қатар, өткізілген іс-шаралар барысында барлығы 38 мың 706 әкімшілік құқықбұзушылық дерегі анықталды. Оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша (елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзу) – 32 249 дерек; ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы бойынша (белгіленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау) – 6 457 дерек тіркелді.

Жалпы, қабылданған шаралар өңірдегі криминогендік ахуалдың тұрақтануына, құқықбұзушылықтардың төмендеуіне және қоғамдық қауіпсіздіктің нығаюына оң әсерін тигізіп отыр.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету полиция қызметкерлерінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін еске салғым келеді. Осы бағытта барлық мүдделі тараптарды бірлесіп, жүйелі жұмыс жүргізуге шақырамыз.