Мемлекет басшысы Жолдауының «Заң мен тәртіп» бастамасы аясында Жамбыл облысының Полиция департаменті мал ұрлығына қарсы күресте кешенді ұйымдастырушылық, профилактикалық және жедел-іздестіру іс-шараларын жүйелі түрде қамтамасыз етіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министірлігінің ұрлықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырылуда.
Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде соңғы жылдары біршама оң көрсеткіштерге қол жеткізіп отырмыз. Бірінші кезекте, облыс аумағында мал ұрлығының саны кеміді. Мысалы соңғы төрт жылда, статистикалық мәліметтерге сәйкес, мал ұрлығы фактілері 2022 жылдан 2025 жылдың қорытындысымен 10,5 пайызға төмендесе, қылмыстың ашылуы 52,6 пайыздан 66,3 пайызға жақсарды.
2025 жылы тіркелген мал ұрлықтарының 74,1 пайызында мал иелері ұзақ мерзімге қараусыз қалдыру себебінен жайылымнан ұрланған. Мал ұрлығын жасағаны үшін 74 тұлғаны қылмыстық жауапкершілікке тарттық. Соның ішінде онымен кәсіби түрде айналысып жүрген 47 адамнан тұратын он сегіз қылмыстық топты әшкереледік. Ұрланған малдың 72 пайызы қайтарылды. Келтірілген 271 миллион 533 мың теңге шығынның 166 миллион 013 мыңы қайтарылды.
Профилактикалық жұмысқа келетін болсақ, біз бес бағытта жұмыс атқарудамыз.
Бірінші бағыт: Ауылшаруашылығы жануарларын сәйкестендіру. Мал иелері олардың сақталуын қамтамасыз ету бойынша барлық шараларды сақтауға міндетті, соның ішінде малды қараусыз қалдырмау, мал ұсталатын орынды техникалық тұрғыда нығайту және бақылау-қадағалау үшін техникалық құралдарды пайдалану қажет.
Мысалы, GPS-құрылғылар мен сәйкестендіру чиптерін қолданудың арқасында Жуалы ауданының полиция қызметкерлері еркін жайылымнан ірі қара малдың ұрлану фактісін уақытылы анықтады. Түнгі уақытта және ауа райының қолайсыз жағдайында (қалың қар жауған) алынған деректер көршілес елді мекен аумағынан жылқыларды табуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде барлық 11 бас жылқы малы заңды иесіне қайтарылды.
Екінші бағыт: Мал сою орындарын, мал-ет өнімдерін қабылдап сататын орындарды тексеру. Облыс аумағындағы 54 мал соятын орынның барлығы тексеріліп, 26-сының жұмыс жасамайтындығы анықталды. Тараз қаласында екі заңсыз мал соятын орын анықталды. Сондай-ақ, ет өткізетін он үлкен сауда орындары бар. Бейсенбі-жексенбі күндері аралығында таңғы сағат 05.00 бастап, полиция қызметкерлері ветеринариялық бақылау және қадағалау қызметкерлерімен бірлесе отырып, осы жерде жеткізілген еттердің құжаттарын тексереді.
Үшінші бағыт: Мал базарларда тиісті жұмыс жасау мәселесі. Облыс аумағында жеті мал базары бар. Базар күндері ол жерлерге жеке құрам қойылымы жасалып, профилактикалық іс-шаралар атқарылады.
Төртінші бағыт: Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 406-бабы бойынша мал-ет өнімдерін заңсыз тасымалдаудың 462 фактісі, 408-бабы бойынша мал жаю ережелерін бұзудың 2560 фактісі анықталды.
Бесінші бағыт: Шаруа қожалықтары, фермалар және т.б. тексеру. Облыс бойынша 2063 фермерлік және жеке шаруа қожалықтары бар, оларда 2657 малшы жұмыс жасайды.
2025 жылы мал ұрлығының алдын алу бойынша бірнеше жедел профилактикалық іс-шара өткізілген болатын. Соның ішінде атап өтетіні, 20 ақпан мен 1 сәуір аралығында «Қашар» атты кең көлемді өңірлік профилактикалық іс-шара атқардық.
Жамбыл облыстық Полиция департаменті мал ұрлығын алдын алу, ашу және де осы қылмыстың санын мейлінше төмендету бойынша кешенді жұмыстарды бұдан әрі де өз деңгейінде жалғастыратын болады.