Біздің еліміздің Конституциясы бойынша қоғамның басты құндылығы адам болып саналады. Сондықтан, елімізде қиын жағдайға ұшыраған адамдарға арнайы орталықтарда қамқорлық көрсетіледі. Әрине, ол үшін қызмет алушылар сол көрсетілген санатқа жатқызылған азаматтар болуы тиіс.
Өңірімізде облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты түрлі санаттағы қарттарға, азаматтар мен азаматшаларға қызмет көрсетуге арналған әлеуметтік орталықтар бар. Ол орталықтар арнайы бөлмелермен, қызмет алушыға қажетті барлық құрал жабдықтармен, қажеттіліктермен қамтылған. Сондай жоғары мүмкіндік «№5 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну Орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде де бар. Қиын жағдайда қалған азаматар мен азаматшалар міне осы орталыққа да қабылданып жатады. Солардың бірі – Әбілдаева Назгүл Сұлтанбекқызы.
Назгүл Әбілдаева 1991 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 2010 жылдан бастап өз әрекеттерінің нақты сипаты мен маңызын түсінбейтініне, ақылы кеміс екеніне, психикалық аурумен ауыруына байланысты, 2-топ мүгедектігі тағайындалған. Сөйтіп 2022 жылдың 06 маусымында Түркістан облысы Отырар аудандық сотының №5148-22-00-2/64 шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылған. 2022 жылдың 5 шілдесінен бастап Түркістан облысы Отырар ауданы әкімдігінің «Отырар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің №54 бұйрығымен Әбілдаева Назгүл Сұлтанбекқызының қамқоршысы болып, ағасы Әбілда Сәулебек Сұлтанбекұлы тағайындалған.
Сонымен қатар 2023 жылдың 21 қыркүйегінен бастап Түркістан облысы Отырар ауданы әкімдігінің «Отырар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің №98 бұйрығымен Әбілдаева Назгүл Сұлтанбекқызының қамқоршысы болып, Тараз қаласының тұрғыны Туленова Зульфия Сатынбекқызы тағайындалған.
Сұлтанбек Құндыз Сұлтанбекқызы 1996 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Бала кезінен ақылы кеміс, психикалық аурумен ауыратынын 1 топ мүгедек, 2023 жылдың 10 шілдесінде Түркістан облысы Отырар аудандық сотының №5148-23-00-2/160 шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылған. 2023 жылдың 21 қыркүйегінен бастап Түркістан облысы Отырар ауданы әкімдігінің «Отырар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің №98 бұйрығымен Сұлтанбек Құндыз Сұлтанбекқызының қамқоршысы болып, Тараз қаласының тұрғыны Туленова Зульфия Сатынбекқызы тағайындалған.
Азаматшалар Назгүл Әбілдаева мен Құндыз Сұлтанбектің ата-аналары қайтыс болған. Атап айтқанда екеуінің әкесі Сұлтанбек Әбілдаев 1935 жылы шілде айында туылған ақсақал екен, 1999 жылы қазан айында өмірден өткен. Ал, қамқорлыққа зәру Назгүл мен Құндыздың анасы Каюпова Несіпелі Жолдасқызы 1957 жылы 12 жетоқсанда өмірге келген. Бізге жолданған анықтама ақпарат бойынша 2008 жылы 23 қыркүйекте өмірден өткені белгілі болып отыр.
Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалара басқармасының тапсырмасына сәйкес, қиын жағдайда қалған азаматшалар Әбілдаева Назгүл мен Сұлтанбек Құндызды №5 Орталыққа уақытша орналастырылды. Азаматшалар Назгүл Әбілдаева мен Құндыз Сұлтанбекті 2026 жылдың 26 қаңтар күні журналист Руслан Өтепбайдың бастауымен, Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлім басшысының орынбасары Малшибаева Шолпан Жорабекқызы және Тараз қаласының Жібек жолы аудан әкімі Аралбекова Қарлығаш Әмірқызы №5 әлеуметтік қызметтер көрсету рталығына алып келген. Бүгінгі күнде, қиын жағдайда қалған азаматшалар Әбілдаева Назгүл мен Сұлтанбек Құндыздың жағдайы бірқалыпты. №5 арнайы әлеуметтік орталық тарапынан Стандарт талабына сәйкес әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық қызмет түрлері көрсетілуде.
№5 әлеуметтік қызметтер көрсету орталық тарапынан азаматшалар Әбілдаева Назгүл мен Сұлтанбек Құндызға жеке оңалту бағдарламасын (ЖОБ/ИПР) жасатылып, заң талаптарына сәйкес Орталыққа орналастырып, тұрақты түрде қызмет алуын қамтамасыз ету мақсатында, жұмыстар жасалуда. Сондықтан ол азаматшалардың көңіл күйлері қалыпты, денсаулық жағдайлары бірқалыпты, көрсетіліп жатқан жағдай жақсы. Мұндағы уақытпен санаспайтын, жүздері жылылыққа толы қызметкерлер өздерінің аялы алақандарының жылуын, ерекше қамқорлықтарын Назгүл мен Құндызға да жоғары деңгейде көрсетуде. Себебі, мұнда қызмет алушыларға жоғары деңгейде қызмет көрсету тұрақты жолға қойылған. Мұндай сапалы қызметті мекеменің әр қызметкері өздеріне парыз санайды. Біз орталыққа барған сайын осындай көзқарасты аңғарып, байқап, мекеменің мамандарына риза болып жүрген жағдайымыз бар.
Қызмет алушылар жарыстарға да қатысады
Мұнда қызмет алушылар әртүрлі санатқа, медициналық сараптама нәтижесінде денсаулық жағдайларына қарай топтарға бөлінеді. Сол мүмкіндіктер аясында әр қызмет алушының қабілеттері таңдалады. Олардың қабілеттеріне қарай өздерінің жақсы қырларын көрсетуге, сайыстар мен байқауларға, жарыстарға қатысуға мүмкіндіктері бар.
Мәселен, біз қазір әңгімелеп отырған №5 арнайы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында 480-ге жуық қызмет алушы бар. Солардың ішінде 50-ден астамы түрлі байқау, жарыстар бойынша өздерінің мүмкіндіктерін көрсетіп жүр. Олар мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен Тараз қалалық және облыстық байқауларда шахматтан, дойбыдан, жеңіл атлетикадан, күрес түрлерінен өздерінің мүмкіндіктерін көрсетіп, жүлделі орындар алып жүр. Сонымен қатар, ән байқауларына, өнер байқауларына, сурет салу сайыстарына қатысып, өздерінің деңгейлерін көрсетуде.
Сол жарыстардағы жеңістері де оларға үлкен қуаныш сыйлайды. Олар ерекше жағдайда жатса да, бір түйсікпен өзінің жетістікке жеткенін, жақсы нәтиже көрсеткенін біледі. Тіпті, ондай сәтте ерекше жандардың жүздерінен қуанышты да байқауға болады. Мүмкіндігі шектеулілер арасында жеңіске жеткен қызмет алушыларды аталған әлеуметтік орталық басшылығы үнемі мапарапаттап, құрмет көрсетіп отырады. Оның өзі қызмет алуышыларға ерекше қолдау деп білеміз. Өздерінің қиын жағдайларына қарамастан үнемі жарыстарға қатысып жүрген қызмет алушылар нағыз құрмет пен мақтауға, бағалауға лайық.
Ата-аналар да қамқорлыққа риза
Бұл орталық басшылығы қызмет алушыларды ата-аналарымен кездестіріп, қауыштырып тұрады. Ондай мүмкіндіктер жақсы қарастырылған. Оның өзі баласын ойлап жүрегі езіліп жүрген ата-ана үшін қуаныш, көңілдеріне жұбаныш. Олар екі ай ішінде бір рет (кейде екі аптада) орталыққа келіп, балаларын көріп, мауқын басып, сағынышқа толы көңілдерін орнықтырып қайтады. Әрине, оның бәрі ата-ана үшін оңай емес. Оның бәрі ата-ана үшін ауыр сәт. Дегенмен, тағдыр басқа салған соң, ондай жағдайдың барлығына куә болып, барлығын бастан кешіріп отыр. Сондықтан, мұндай азаматтар мен азаматшалардың ата –аналарына темірден мықты төзім тілеймін. Оларға балаларын күн сайын ойлау, үйқысыз түндер, күлкісіз күндер өткізу оңай емес. Ондай жағдайды естігенде жүрегіміз ауыратыны рас.
Осындағы қызмет алушылардың ата анасының бірі – Тараз қаласының тұрғыны Еру Әбілдашев.
– Осы аталған №5 арнайы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында менің де балам 17 жылға жуық уақыттан бері қызмет алып жатыр. Бұл ұзақ уақыт. Біз анасы екеуміз баламызға жылына оншақты рет барып, жағдайын біліп тұрамыз. Қолдың ыстық тамағын апарамыз. Анасы өз қолдыммен дайындалған тамағымды жегізіп қайтамын деп өзінің ыстық көңілін байқатады. Әйтпесе, баламыз мұнда аш емес. Аталған орталықта да қызмет алушыға барлық қамқорлық жасалған. Ақ төсекте ақ жамылғы жамылып, күніне 4 мезгіл тамақпен қамтылуда. Тіпті, жеміс-жидек, айранға дейін беріліп, қамқорлыққа алынған. Ол жағынан ешқандай ренішіміз, өкпеміз жоқ. Керісінше, мемлектеттің қолдауына, орталықтың қамқлорлығына риза болып, алғыс айтатын сәтіміз көп. Баламызды кейде екі-үш күнге рұқсат сұрай отырып, үйімізге де алып кетеміз. Әрине, үйдегі бауырларын көрсін, сағынышын бассын дейміз. Бауырларының да сағынышы басылсын деп ойлаймыз. Көп үйде ұстай алмаймыз. Себебі, баланың ұстамасы ұстап қалған кезде зіңгіттей азаматқа анасы екеуміздің шамамыз келмейді. Анасы екеуміз де 70 жастан асқан қария кісілерміз. Баламыз ұстамасы ұстап қалған кезде өзіне өзі жауап бере алмай кетеді. Арнайы орталыққа да дәрігерлердің сараптамасымен, сондай ауыр науқасы бар болғандықтан жатқызылып отыр. Біздікі әке мен ананың аяулы көңілі ғой. Өзіміздің аяулы перзентімізді әрқашан қимай, келіп көріп тұрамыз. Жағдайын біліп тұрамыз. Мұндай жағдайды басынан өтпеген, өзі кешпеген адам түсіне қоймайтын шығар.
Мен осы орталықта жатқан әр қызмет алушыны, оның ата аналарының жағдайын толық түсінемін деп ойлаймын. Себебі, менің басымнан өтіп отыр. Өзім жағдайды бастан кешіріп отырмын. Сондықтан, осындай орталықта балалары бар ата аналардың барлығы нағыз мықты адамдар. Олардың барлығына жақсылық тілеймін. Енді мұндай тағдырды Жаратушы ешкімге бермесін. Өте қиын. Кейде адамдар пенделікке салынып, зәулім үй салып, қымбат көлік мініп жарысып жатады. Ол – пенделікпен жасалған нәрселер. Мұндай орталыққа баласын берген әр ата-ананың арманы – баласының денсаулығы. Баласының денсаулығы бұрынғысынан сәл жақсарса ол ата-анаға зор қуаныш. Сағынып барған кезінде арнаулы орталықтағы баласы оған күліп қараса, оны таныса ата-анаға ол зор қуаныш. Сондықтан, отбасында берекесі бар, бақыты мен қуанышы мол шаңырақ иелеріне сол шаттықтың қадірін біліңіздер деп өтініш айтқым келеді. Сол береке өмірдің ең маңызды бақытты сәті. Оны әрқашан бағалаған жөн. Оны әрқашан сезініп, түсінген дұрыс. Өмірдегі қамсыз жүрген әр ата анаға осылай айтар едім.
Мен осы орталықта қызмет атқарып жатқан барлық мамандар мен қызметкерлерге, орталық басшларына шексіз, шынайы алғысымды айтамын. Олардың еңбегі бағалана берсін. Біз бір баламыздың жағдайын ойлап жанымыз шүберекке түйіледі. Ол кісілер мұнда ерекше жағдайдағы жүздеген баламен жұмыс істейді. Жүздеген мінез құлықпен, жүздеген оқыс оқиғалармен күреседі. Сондықтан, еңбектерін ерекше бағалап, бәріне рахмет айтпамын, – дейді Ерубай Әбдашімұлы.
Орталық мамандарының да өз айтары бар. Олардың да көңіл күйі әртүрлі болып тұрады. Сол кісілердің сөзіне құлақ түрсек.
– Мұнда 480 ге жуық қызмет алушы жатыр. Әрқайсысы әртүрлі тағдыр. Әрбіріне назарың ауып, барлығына алаңдап жүресің. Әр адамның жүрегі жалғыз ғой. Сол кеудеңдегі жалғыз жүрегіңнің шымырлап кететін сәттері көп. Адамға өте ауыр әсер ететін жағдайлар да бар. Мәселен, отыз жасқа келіп қалса да әлі 4 жастағы қыздың ой өрісімен қалып кеткне қызмет алушы бар. Оның барлығымен жеке жеке жұмыс жасаймыз. Оның бәрі тағдыр. Сондықтан осында еңбек етіп жатқан барлық қызметкерлерге, осында қызмет алушы жандардың ата-аналарына шынайы алғысымды білдіремін. Әрқашан жұмыстары бағаланып, үйлерінде қызық пен қуаныш көрсін. Ерекше жандардың да өз жүректері, өз сезімдері бар. Кейде сөйлей алмайтын қызмет алушылар көзімен сөйлейді. Өзінің мұңы мен айтар ойын жанарымен, көзімен ұқтырады. Осы жерде ұзақ жыл қызмет атқарып келе жатқан мамандар сол жанардағы жазуды, жанардағы сөзді ұғады. Сондықтан, мұнда қызмет етуші адамдардың барлығына деген құрметім жоғары, – дейді аталған №5 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының маманы Гүлжан Азаматқызы.