Әскери борыш – азаматтық парыз

0 4

Әскерге бару – жүрегінде патриоттық сезімі бар әрбір жас үшін басты парыз. Бүгінде мемлекет тарапынан Отан алдындағы борышын өтеуге ниетті жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде.  «Елім деген ер болмаса, ерім дейтін ел қайдан болсын» демекші, елін сүйген ердің ісі қашанда ел есінде мәңгі сақталады. Бүгінгі бейбіт өміріміз – өз заманында Отан үшін от кешкен аталарымыздың, олардың туған жер үшін жанқиярлық ерлікке барғанының арқасы. Ел басына күн туғанда етігімен су кешіп, елі үшін жанын пида еткен қайсар халықтың бүгінгі ұрпағы – Отан алдындағы жауапкершілікті толықтай сезінуі тиіс. Бұл үшін қазіргі қоғамда барлық жағдай жасалған.

 Әскери қызмет – тәртіп пен төзімділікке үйрететін абыройлы борыш. Мемлекеттің басты байлығы – бейбіт өмір мен ел бірлігі. Сол құндылықты қорғау, ел қауіпсіздігін күзету ата-баба аманатына адалдықтың айғағы болмақ. Қазақ халқы қашанда елін қорғаған ерлерді ардақ тұтқан. Бабаларымыз ер елінің қорғаны деп білген. Бүгінгі жас сарбаздар – сол бабалар аманатының жалғасы. Жастардың әскер қатарына аттануы – тек отбасы үшін ғана емес, бүкіл халық үшін үлкен мақтаныш.

Ел әскерінің қатарын сайдың тасындай сарбаздармен жасақтау-зор жауапкершілікті жүктейтін жұмыс. Өйткені бүгінгі бозбала ертең әскер қатарына қосылғанда елдің шетінде, желдің өтінде жүріп ел тыныштығын қорғайды. Ата-ананың алақаны, жылы ұясынан шыққан жеткіншек “әскер” атты үлкен мектепте шыңдалып, шынығады. Отанды қорғауәрбір азаматтың қасиетті борышы және абыройлы міндеті. Бұл ұғым мемлекеттің тәуелсіздігін, аумақтың тұтастығы мен халықтың бейбіт өмірін қамтамасыз ету жолындағы азаматтық жауапкершілік пен патриоттық парызды білдіреді.

 Тарихтан белгілі болғандай, ата-бабаларымыз ел мен жерді қорғау жолында ерен ерлік көрсетіп, ақ білектің күші мен ақ найзаның ұшымен,   болашақ ұрпаққа тәуелсіз мемлекет қалдыру жолында жан аямай күресті. Бүгінде сол ұлы мұраны сақтау, оны нығайтуәрбір қазақстандықтың міндеті болып табылады.

Жас ұрпақты елін сүюге, мемлекеттің тұтастығын бағалауға тәрбиелеу – қоғамның басты міндеттерінің бірі. Әскери-патриоттық тәрбие, тарихи сананы қалыптастыру мен ерлікке үндейтін шаралар жастардың бойында рухани беріктік пен азаматтық белсенділік қалыптастырады. Батыр бабаларымыздың өнегесін ұлықтау, олардың елге қызмет ету жолындағы жанқиярлығын үлгі ету – ұлттық бірлікті нығайтады.

Мемлекеттің тәуелсіздігін сақтау, аумақтық тұтастығын қорғау – әрбір азаматтың тарихи, құқықтық және адамгершілік жауапкершілігі. Егемен еліміздің ертеңгі болашағын қамтамасыз ету жолында әскери қызметтің мәні ерекше. Ата-бабаларымыз айтқандай: «Ел қадірін көрген біледі, жер қадірін жүрген біледі» деп ел мен жердің қадірін білетін, болашағына алаңдайтын  ұрпағымыз көбейсін.  Отан алдындағы адалдық, елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік – әрбір азаматтың бойында болуы тиіс негізгі ұстанымдардың бірі. Отанды қорғау – абыройлы міндет. Осы жолда татулық пен бірлікті сақтап, әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз қажет.