Қағидаттары – ашықтық, жауапкершілік және нәтижелілік

0 2

«Тараз» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы үшін өткен жыл табысты жыл болды. «Тараз» ӘКК» АҚ басқарма  төрағасының міндетін атқарушы Қанат Әубәкіровтың Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтқанындай, өткен кезеңде негізгі назар инвестиция тартуға, өндірістік жобаларды дамытуға және кәсіпкерлікті қолдауға аударылған. Жалпы өткен жылдың екінші жартысында акционерлік қоғам 134 миллион теңге көлеміндегі пайдамен аяқтаған. Ал, активтері 31,3 миллиард теңгені құраған.

– Біз арқылы іске асырылған әрбір жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, салық базасын кеңейтіп, өңір үшін ұзақ мерзімді тиімділік әкелді. Біздің басты міндетіміз – облыстың әлеуетін толық ашу арқылы тұрақты экономикалық орта қалыптастыру. Ашықтық, жауапкершілік және нәтижелілік – қызметіміздің негізгі қағидаттары болып қала береді, – ол.

Өткен жылдың соңында тұрақтандыру қорындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қорының жалпы көлемі 4,4 миллиард теңгені құраған. Ал, тұрақтандыру қоры сауда желілеріне интервенция аясында 240,3 миллион теңге сомасына тауар жөнелтті. Оның ішінде 639 тонна картоп, 18,6 тонна сәбіз, 72,1 тонна қырыққабат бар. Одан бөлек жұмыртқа, күнбағыс майы, күріш, қант және басқа да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бөлінген.

Тұрақтандыру қорының тауарлары жәрмеңкеге тұрақты түрде жеткізіліп, қала тұрғындарына төмендетілген бағамен өткерілді. Жалпы, жәрмеңке арқылы 54 тонна картоп, 17 тонна сәбіз, 33 тонна пияз бен 5 тонна қырыққабат өткерілген.

«Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 23 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес (Анықтамалы: №362-нқ) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі 19-дан 31 атауға дейін ұлғайтылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына апта сайын мониторинг жүргізіледі. Жыл басынан бері тұрақтандыру қоры шамамен 65 миллион теңге сомасына тауарлық интервенция жүргізді. Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорының қажетті қор көлемін қалыптастыру үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу көлемінің есептеулері дайындалды. Сонымен қатар, 2026 жылдың басынан бастап екі павильон (Анықтамалы: Құмшағал және Мыңбұлақ шағынаудандарында) ашылды, ал алдағы уақытта тағы бір павильонды (Анықтамалы: Дальняя Қарасу шағынауданында) ашу жоспарлануда. Осылайша, әлеуметтік павильондардың жалпы саны 15 бірлікті құрады, – дейді ол.

Агроөнеркәсіптік кешен жобаларын қаржыландыру – «СҚО тәжірибесін тираждау» бағдарласы аясында республикалық бюджеттен 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыруға 9,3 миллиард теңге бөлініп, көкөніс қоймаларын салу бағытында-4, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша-4, қой шаруашылығы фермасын құру мақсатында-1, балық шаруашылығын ұйымдастыру негізінде-1, құс шаруашылығында племелік репродукторларды өсіру бағытында-1 жоба қаржыландырылды. Қазіргі таңда осы бағдарлама аясында бір көкөніс қоймасының құрылысы аяқталды.

– Бүгінде жылдық қуаттылығы 10 миллион жұмыртқа шығаратын заманауи құс шаруашылығы племелік репродукторларын өсіру кешені жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба саладағы генетикалық әлеуетті нығайтуға, импортқа тәуелділікті төмендетуге және ішкі нарықты жоғары сапалы отандық инкубациялық материалмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаны жыл соңына дейін аяқтап, тапсыру жоспарланған.

Сондай-ақ тағы бір айрықша жоба – 10 мың бас малға арналған заманауи қой фермасын құру жобасы. Бұл жоба мал шаруашылығы саласын дамытуға, сапалы ет пен жүн өндіруді арттыруға, сондай-ақ ішкі нарықты жоғары сапалы өніммен қамтамасыз етуге бағытталған. Оның іске асырылу мерзімі осы жылдың 30 желтоқсанына белгіленген.

Ал 2024 жылғы қаражат есебінен «СҚО тәжірибесін тираждау» бағдарламасы аясында өткен жылы 8 жоба іске қосылып, оның ішінде көкөніс қоймаларын салу бойынша – 4 жоба, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша – 2 жоба, тамшылатып суару жүйесін енгізу бойынша – 1 жоба, сүт фермаларын салу бойынша 1 жоба бүгінгі күні тұрақты түрде жұмыс атқаруда. Қазіргі таңда өңірде осы бағдарлама аясында 183 тұрақты жұмыс орны құрылған, – деп атап өтті Қанат Әубәкірұлы.

Ал «Ауыл аманаты» жобасы аясында өткен жылы жалпы сомасы 3,7 миллиард теңгеге 518 жоба қаржыландырылған. Ауылдық жерлерде шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қаржыландырылған бизнес-жобалардың саны – 110. Соның ішінде ең көп қаржыландырылған бағыттар: техникалық қызмет көрсету станца, тігін цехтары, жылыжайлар, жиһаз цехтары, құм блоктары мен кірпіш өндірісі, өзіне-өзі қызмет көрсететін автокөлік жуу орындары, сұлулық салондары, наубайханалар, сүт өңдеу цехтары, балабақша ашу және басқа да жобалар. Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде келесі көрсеткіштерге қол жеткізілген. Атап айтсақ, 500-ден астам ауылдық тұрғын жұмысқа орналастырылды, жаңа өндірістік желілерді іске қосуға мүмкіндік беретін және кәсіпкерліктің дамуына қосымша серпін беретін өндірістік тізбек қалыптасуда, ішкі нарық отандық дайын өніммен қамтамасыз етілуде.

Биыл «Ауыл Аманаты» жобасы аясында 5 миллиард теңге игеру жоспарлануда. Басым бағыттар қатарында бизнес-жобаларды қаржыландыру, кооперативтер құру, ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу үшін жабдықтар сатып алу қарастырылған. Өткен жылғы қорытынды бойынша аудандар арасында ең үздік көрсеткіштер 6 ауданда тіркелген. Таратып айтсақ, Байзақ ауданында-100, Рысқұловта-77, Жуалыда 58 жоба қаржыландырылған. Ең төмен көрсеткішті Мойынқұм, Сарысу мен Талас ауданы көрсеткен. Үш ауданда бар болғаны 87 жоба ғана қаржыландырылған.

Қанат Әубәкіровтың айтуынша, бүгінгі таңда «Тараз» индустриялық аймағының аумағында жалпы құны 157 миллиард теңгені құрайтын 24 жоба орналастырылған, оның ішінде 2025 жылы 13 жоба тартылды. Аталған жобалар аясында шамамен 1800 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Өткен жылы индустриялық аймақ аумағында 3 инвестициялық жоба пайдалануға берілді, олар: әк өндіру жобасы және дайын өндірістік алаңдарды салу бойынша екі жоба.

Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында «Тараз» индустриялық аймағы мен «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағының аумағында жалпы ауданы 40 мың шаршы метрді құрайтын заманауи өндірістік ғимараттар пайдалануға берілген. Бүгінгі таңда шағын өнеркәсіптік аймақтар аумағында есік, фиброцементті плиталар және шыңдалған шыны өндіретін кәсіпорындар жұмыс істеуде. Сонымен қатар, тұрмыстық химия өнімдерін, сутегі асқын тотығына арналған ыдыстарды және тамшылатып суару жүйелерін өндіру жобалары іске асырылуда. Сонымен қатар, шағын өнеркәсіптік аймақтарды одан әрі дамыту мақсатында қаржыландыруды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ал биыл көкөніс сақтау қоймасын салу, экологиялық таза такси қызметін енгізу арқылы таксопарк құру, сондай-ақ автомобильдерге арналған газ толтыру-компрессорлық стансаларын салу жобаларын аяқтау жоспарлануда.

– Бұрын Қоғам құрылымында жұмыс істеген «Zhambyl Invest» дирекциясы инвестиция тартудың тиімді әрі дербес құралы ретінде өзін жақсы қырынан көрсетті. Міндеттер көлемінің артуын ескере отырып, аталған құрылымды жеке заңды тұлға ретінде бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл қадам басқару тиімділігін арттыруға, операциялық икемділікті күшейтуге мүмкіндік берді. Бүгінде «Zhambyl Invest» Жамбыл облысының инвесторларға арналған өңірлік «фронт-офисі»  болып табылады. Ол «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеп, жобаларды келіссөздер кезеңінен бастап өндірісті іске қосуға дейін толық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Жалпы өткен жылы инвесторлармен және бизнес өкілдерімен 495 кездесу өткізілді, нәтижесінде 26 екіжақты құжат – меморандумдар мен ынтымақтастық туралы ниет хаттамаларына қол қойылды. «Zhambyl Invest» қолдауымен 8 экспорттық келісімшарт жасалып, өңір кәсіпорындарының өнімін сыртқы нарықтарға шығару қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, стратегиялық маңызы бар екі инвестициялық келісімге қол қойылды. Олар – жылына 3 миллион тоннаға дейін өнім өндіруге арналған металлургиялық зауыттың және жылына 3 миллион тоннаға дейін терең өңделген жүгері өнімдерін шығаратын зауыттың құрылыстары. Аталған жобаларды іске асыру өңірді индустрияландыруға серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Жыл қорытындысы бойынша жалпы құны 3,4 триллион теңгені құрайтын 30 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылып, сүйемелденеді. Бұл жобалар металлургия, агроөнеркәсіп кешені, химия, энергетика және басқа да салаларды қамтиды, – дейді Қанат Әубәкірұлы.

Биыл іске асыруды көздейтін жобалар да жоқ емес. Атап айтсақ, биыл құны 700 миллиард теңге құрайтын химиялық кешен құрылысын салу бойынша жаңа инвестициялық келісімге қол қою жоспарлануда. Бұл жоба өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға және жоғары технологиялы өндірісті дамытуға бағытталған. Сондай-ақ қазіргі уақытта қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауытын салу жобасы пысықталуда. Әлеуетті инвестор тартылды, жоба негізгі параметрлерін талқылау кезеңіндегі бастапқы сатыда қарастырылуда. Аталған жобаны іске асыру өңірдің экологиялық қауіпсіздігін арттыруға, қалдықтарды қайта өңдеудің заманауи технологияларын енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ағымдағы жылы «Zhambyl Invest» тартқан және сүйемелдеген бірқатар инвестициялық жобаларды іске қосу күтілуде. Бұл – өңірдің инвестициялық портфелін жүйелі түрде қалыптастыру бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесі.