Отандық ғалымдар радиацияны зерттеудің жаңа тәсілін ұсынды

0 3

Ақтөбелік ғалымдар ядролық физика саласындағы зерттеулерді жеңілдетуге мүмкіндік беретін жаңа технология әзірледі. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің мамандары жасаған шағын спектрлік кешен сәулеленудің ерекшеліктерін анықтап, оның материалдарға ықпалын зерттеуге арналған. Құрылғының салмағы үш келі болғанымен, оның көмегімен өлшеу уақытын бұрынғыдан бірнеше есе қысқартуға болады.

Жобаның негізінде материалдардың радиациямен әрекеттесуін зерттеу міндеті жатыр. Сәулелену кезінде кейбір кристалдар жарық шығарады. Сол жарықтың ерекшеліктерін талдау арқылы мамандар радиация туралы қажетті мәліметтер алады. Алайда мұндай сигналдар өте әлсіз әрі қысқа уақытқа ғана байқалуы мүмкін. Сондықтан оларды жылдам тіркеу ғылыми тәжірибелер үшін айрықша маңызды.

Осы міндетті шешуге бағытталған әзірлеме университеттің «Материалдардың радиациялық физикасы» ғылыми орталығында жасалды. Зерттеу жұмысына физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қуанышбек Шүңкеев жетекшілік етті. Ядролық физиканы бірнеше онжылдықтан бері зерттеп келе жатқан ғалым бұл жобаны шәкірттерімен бірге жүзеге асырған.

Жаңа жүйенің ерекшелігі – оны зертханалық қондырғы ретінде ғана емес, қажет болған жағдайда басқа орындарда да пайдалануға болады. Бұрын қолданылған жабдықтар көлемді әрі бір орында жұмыс істеуге бейімделген еді. Ал мобильді кешен өлшеу жұмыстарын жүргізуді жеңілдетіп, зерттеушілердің тәжірибе жасау мүмкіндігін кеңейтеді.

Өлшеу жылдамдығындағы айырмашылық та елеулі. Бұрын бір спектрді тіркеуге 20–30 минут қажет болса, жаңа құрылғы бұл жұмысты шамамен бір минутта орындайды. Мұндай мүмкіндік әсіресе сәулеленудің қысқа мерзімді әсерін зерттегенде және жылдам өзгеретін сигналдарды бақылағанда маңызды.

Әзірлемені жасау үшін бұрынғы аппараттардың кейбір негізгі бөлшектері жаңартылған жүйеге бейімделді. Қажетті компоненттердің бір бөлігі Беларусь пен Жапониядан жеткізілген. Құрылғының жұмысын тексеру мақсатында Астанадағы Ядролық физика институтының ДЦ-60 үдеткішінде сынақтар жүргізілді. Зерттеу жұмыстары Германияның Гамбург қаласындағы зертханада да жалғасын тапты.

Қазір мамандар құрылғыны нақты міндеттерде пайдаланып, оның мүмкіндіктерін бағалауда. Соның ішінде Ақтөбеде өндірілетін рентген аппаратына қатысты тәжірибелер жүргізіліп жатыр. Ғалымдар бұдан әрі Күн спектрін өлшеу және сәулеленудің материалдардың физикалық қасиеттерін өзгерту ерекшеліктерін зерттеу бағыттарын да қарастыруда.

Мұндай зерттеулердің практикалық маңызы зор. Радиацияның материалдарға әсерін түсіну медицинада қолданылатын құрылғыларды жетілдіруге, сәулеленуді бақылайтын датчиктер жасауға және радиацияға төзімді материалдарды зерттеуге көмектеседі. Әсіресе атом энергетикасы дамып жатқан елдерде материалдардың сәулелену жағдайындағы қасиеттерін анықтау өзекті болып отыр.

Ақтөбелік ғалымдардың ендігі мақсаты – әзірлемені одан әрі зерттеп, оны халықаралық ғылыми жобаларда қолдану мүмкіндігін қарастыру. Жаңа құрылғының ықшамдылығы мен жылдам өлшеу қабілеті отандық ғылыми зерттеулердің техникалық мүмкіндіктерін кеңейтуге негіз бола алады.