Астанада заңсыз интернет-казинолардың қызметін қамтамасыз еткен ұйымдасқан топқа қатысты тергеу аяқталды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілер құмар ойындардан түскен қаражатты бірнеше төлем арнасы арқылы өткізіп, оның ізін жасыруға және криптовалютаға айналдыруға тырысқан.
Тергеу деректеріне сәйкес, заңсыз ойын бизнесі «Nomadgames» және «Sultangames» интернет-платформалары, сондай-ақ олардың көшірме сайттары арқылы жүргізілген. Жүйенің үздіксіз жұмыс істеуі үшін банк эквайрингі, POS-терминалдар, интернет-терминалдар, электрондық әмияндар мен криптовалютаны қамтитын күрделі төлем тетігі құрылған.
Қаржылық операцияларды жүзеге асыруға банк саласының кейбір өкілдері де атсалысқан. Олар тиісті тексерулер жүргізілмей тұрып шарттар жасасуға, төлем инфрақұрылымына қосуға және интернет-терминалдарға қажетті MCC-кодтарын беруге көмектескен. Ал ақша қозғалысының нақты мақсатын жасыру үшін операциялар заңды букмекерлік қызмет пен басқа да кәсіпкерлік төлемдер ретінде көрсетілген.
Нәтижесінде электрондық терминалдар арқылы 188 млрд теңгеден астам қаражат айналымға түскен. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру үшін күдіктілер бақылауындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестік те пайдаланылған. Жалған келісімшарттың негізінде оның есепшоттарына 10 млрд теңге аударылған. Кейін қаражат криптовалютаға айырбасталып, күдіктілердің цифрлық әмияндарына жіберілген.
Тергеу барысында жалпы құны 19 млн АҚШ долларына бағаланатын цифрлық активтердің қозғалысы анықталды. Сот санкциясымен үш пәтерге, алты автокөлікке, сондай-ақ 1,4 млрд теңге көлеміндегі криптоактивтер мен банк шоттарындағы қаражатқа тыйым салынды.
Қазіргі уақытта екі күдікті қамауда отыр. Тағы үш адамға қатысты кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылса, қалған екі күдіктіден елден шықпау және тиісті мінез-құлық сақтау туралы қолхат алынған.
Қылмыстық іс соттың қарауына жіберілді. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеуге қатысты өзге ақпарат жарияланбайды.