Жетісу облысында елді мекендерді газдандыру жұмыстары жалғасуда. Бұл жолы Панфилов ауданындағы бес ауылдың тұрғындары көгілдір отын игілігін көре бастады. Бір күнде Жиделі, Ақарал, Қызылжиде, Сарпылдақ және Керімағаш ауылдарына табиғи газ беріліп, 1500-ге жуық адам үшін тұрмыстық қолайлылықтың жаңа мүмкіндігі ашылды.
Аталған елді мекендерге жалпы ұзындығы 58 шақырым газ құбыры тартылған. Жобаның іске қосылуына орай Ақарал ауылында салтанатты шара ұйымдастырылды. Оған қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов тұрғындарды көптен күткен қуанышымен құттықтап, өңірде газдандыру бағытындағы жұмыстардың кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, бүгінде облыстың 110 елді мекені табиғи газға қосылып, 467 мың тұрғын көгілдір отынға қол жеткізген. Қазіргі уақытта тағы 16 елді мекенде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Кербұлақ ауданынан Панфилов ауданы арқылы Талдықорған қаласына дейінгі 126 елді мекенді газдандыру көзделген. Жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде жыл соңына қарай облыстағы газдандыру деңгейі 74 пайызға жетпек.
Рәсім барысында газ алауы жағылып, ауылдарға табиғи отынның ресми түрде берілгені жарияланды. Бұл жаңалықты жергілікті тұрғындар да зор қуанышпен қабылдады. Әсіресе қыс мезгілінде көмір тасып, от жағу мен күл шығарудан арылатындарына ризашылықтарын білдірді.
Ақарал ауылының тұрғыны Раушан Кариева үшін көгілдір отынның келуі – отбасының күнделікті тіршілігін жеңілдететін маңызды өзгеріс. Үш баланы тәрбиелеп отырған ана енді үйдің жылуын уайымдамай, балалардың жайлылығына алаңсыз көңіл бөлуге мүмкіндік туғанын айтады.
Панфилов ауданында газдандыруға жататын 26 елді мекен бар. Жалпы 40 ауылдың ішінен Жаркент қаласы бұған дейін табиғи газға қосылған. Былтыр Ават, Ынтымақ, Сұптай, Надек және Ақкент ауылдарына көгілдір отын жеткізілсе, биыл тағы бес елді мекен қамтылды. Ал қалған 15 ауылды газдандыру жұмыстары жыл соңына дейін кезең-кезеңімен жалғасады. Нәтижесінде ауданның 60,7 мың тұрғыны табиғи газды пайдалануға мүмкіндік алады.
Сонымен бірге тұрғындардың өтініштері негізінде тағы алты ауылды газдандыруға жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Тұрпан, Садыр және Диқанқайрат ауылдарының жобалары мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алса, Сарыбел, Басқұншы және Көктал-Арасан елді мекендеріне қатысты құжаттар қаралуда. Бұл ауылдарда құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2027 жылы бастау жоспарланған.
Осылайша, Жетісу өңірінде газ инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары жалғасып, шалғай ауылдардың да заманауи тұрмыс игіліктеріне қол жеткізуіне жол ашылуда. Табиғи газдың келуі тұрғындардың уақытын үнемдеп қана қоймай, ауылдардағы өмір сапасын жақсартуға да ықпал етпек.