Жамбыл облысының Байзақ ауданында ауыл имамдары мен дін қызметкерлеріне арналған семинар ұйымдастырылды. Аудандық мешіттің бас имамы Қанат Әділханұлы «Дін мен дәстүр – қазынамыз» тақырыбында дәріс оқып, ұлттық бірегейлікті сақтауда дәстүр құндылықтарының орнына терең талдау жасады.
«Ұлттық болмыс пен діни құндылық – бір-бірінен ажырағысыз ұғым. Дін мен дәстүрді қатар алып жүру – қоғам тұрақтылығының, рухани дамудың басты кепілі. Қазақ халқының салт-санасы мен Ислам діні арасындағы үндестік – ата-бабаларымыздың даналығы мен парасатын көрсетеді», – деді бас имам өз сөзінде.
Семинар барысында имам Құран Кәрім мен Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінен мысал келтіре отырып, дәстүр мен діннің үйлесімді байланысын түсіндірді.
«Алла Тағала Құранда: “Сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың үшін ұлыстар мен руларға бөлдік” дейді. Яғни, әр ұлттың өзіндік салт-дәстүрі мен болмысын құрметтеу – Жаратушының хикметі. Ислам шариғаты да егер салт-дәстүрлер діни қағидаларға қайшы келмесе, оларды қабылдап, өмірге енгізуді құптайды», – деді Қанат Әділханұлы.
Сондай-ақ имам өз сөзінде Ислам дінінің түркілерге келуі мен қазақ топырағына сіңуіне де тоқталды. VIII ғасырда Орта Азия мен қазіргі Қазақстан аумағына келген Ислам дінін таратушылар жергілікті халықтың өмір салтына бейімделіп, дінді ұлттық болмыспен ұштастыру арқылы түркі-Ислам мәдениетін қалыптастырғанын атап өтті.
«Қазақ халқының ата-ананы құрметтеу, қыз ұзату, неке қию, қонақ күту, туған-туыспен байланыс орнату сынды әдет-ғұрыптары Ислам қағидаларымен табиғи түрде үндескен. Бұл – Исламның қазақ даласына жат болмауының басты себебі», – деп қорытындылады Қанат Әділханұлы.
Сонымен қатар, семинарда қазіргі заманғы ақпараттық толқын мен жат ағымдардың ықпалы жайлы мәселелер қозғалып, халық арасында дәстүрлі Исламды насихаттаудың жолдары талқыланды.
Семинар соңында ауыл имамдары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өзара тәжірибе алмасты.