Жаңа кірпіш зауыты іске қосылмақ

0 1

Қызылордада құрылыс саласына серпін беретін маңызды жобалардың бірі – заманауи кірпіш зауытының құрылысы аяқталуға жақын. Жақын күндері пайдалануға берілетін кәсіпорын облыстың индустриялық әлеуетін арттыруға бағытталған.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Өндіріс» индустриялық аймағында орналасқан «Қызылорда Саз М» ЖШС-нің кірпіш зауытына арнайы барып, құрылыс жұмыстарымен танысты. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен 7 гектар жер телімі бөлінген.

Қазіргі таңда зауыттың құрылыс жұмыстары 98 пайызға орындалған. Жабдықтарды монтаждау толығымен аяқталған болса, әкімшілік-тұрмыстық ғимараттың құрылысы 80 пайызға жеткен. Сыртқы қаптау жұмыстары бітіп, аумақты абаттандыру мен көгалдандыру қарқын алып келеді.

Кәсіпорынның басты артықшылығы – өндіріс процесінің толық автоматтандырылуы. Бұл жаңа технологиялар өнім сапасын арттырып, өндіріс тиімділігін еселей түспек. Зауыт жылына 90 миллион кірпіш өндіруді көздеп отыр. Нәтижесінде 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Өндіріс орны өңір экономикасына оң ықпал етіп, құрылыс индустриясындағы отандық өнімнің үлесін арттыратыны сөзсіз.