Тәтей

0 3

Біз бұл кісінің толық аты-жөнін білмейді екенбіз. Дүкенге кіріп-шыққан елдің бәрі «тәтей» деп айтады. Ес білгелі үйдің қарсы алдындағы дүкенде сатушы. Содан бері арада аттай 20 жыл өтіпті. Тәтеміз жұмыс орынын өзгерткенімен, мамандығын әлі ауыстырмаған.

Біз тәтемізді 20 жылдан бері білеміз. Ал,  бұл кісі осы салаға 40 жыл уақытын арнапты. Маңдайына түскен әжімі сол кездерден сыр шертіп-ақ тұр. «Ұл-қызымды жеткіземін» деп түн ұйқысын төрт бөлген ана, бүгінде ақ жаулықты әже. Кешегі бейнет пен адал еңбектің жемісі – кішкентай немерелері. «Әжелеп» мойнына асылып отыр…

2000 жылдардың басы болса керек, қала орталығына көшіп келгеніміз есімде. Сол уақытта үй алдында бір ғана дүкен болатын. Ал, сол дүкенде Жәмилә Әбітаева тәтем тұрушы еді. Ойын баласымыз ғой, інім екеуміз дүкенді таңсық көріп, далаға шыққан сайын дүкенге кірмей кетпейтінбіз. Ештеңе алмасақ та қызылды-жасылды кәмпеттерге бір қарап, қап-қап тәтті сусындарға бір қарап шығамыз. Күндердің-күнінде мынандай бір оқиға болды.

Дүкенге жаңадан тауар түссе керек, түрі бөтен кішкентай қораптағы кәмпитке көзіміз түсті. Біз үшін түрі қызық емес, ішіндегісінің дәмі қызықтырып барады. Бағасы сол тұста жазулы. Бірақ, біз қаріп, сан танымағандықтан тәтейден сұрайық деп едік, жүрексініп тұрмыз. Себебі, күні бұрын бұл кісі «дүкеннен ештеңе алмасаңдар, бос тұрмай шығыңдар» деп ұрысқаны бар.

Бауырым екеуміздің екі таңбалы санға көзіміз түсті. Әрі екеуі де – бес саны. Қайта абырой болып ол жерде қос бестің тұрғаны. Бестен әрі қарайғы сандарды танымаймыз да. Сөйтіп, бір кәмпет алып, екеуміз бөліп жемекші болдық та, дүкеннен шығып үйге жүгірдік. Үй жинап жүрген анамызға келіп «Бізге екі бес теңге беріңізші. Екеуміз кәмпит аламыз» деп қоярда-қоймай екі бес теңгені сұрап алдық. Дүкенге келіп:

– Тәте, бізге екі бес теңгенің кәмпитін беріңізші. Әне, анау жерде тұр, – деп кәмпет тұрған сөрені нұсқадық.

– Қайсы, мына кәмпит пе?

– Иә, осы.

– Бұған сендердің ақшаларың жетпейді.

– Неге жетпейді, ана жерде екі бес теңге деп жазылып тұр ғой.

– Иә, ол екі бес теңге дегенің – 55 теңге. Ал, сендер екі бес теңге, яғни, 10 теңге әкеліп тұрсыңдар, – демесі бар ма?!

Екеумізде үн жоқ. Бір жағынан тәтті жей алмағанымызға, екінші жағынан сан танымағанымызға налып, басымыз салбырап шығып кетті. Сонда біз бар болғаны 4-5 жаста ғана едік…

Қазір жігіттік шаққа келіппіз. Ал, тәтем сол қалпы. Тек, бетіне тарам-тарам әжім түсіпті. Бізден де алыс кете қоймаған. Үйдің ана бұрышынан кейінірек ашылған дүкенге ауысыпты. Біз сол кісінің көз алдында өстік. Көз алдында ер жеттік.

Жәмилә Ахметулина 1980 жылдан бастап азық-түлік дүкенінде сатушы болып еңбек жолын бастаған. Содан кейін түрлі буфетте, студенттер және зауыттың асханасында табан тоздырған.

– 1988 жылға дейін әр жерде бір жұмыс істеп жүрдім. Зауытта істеп жүргенімізде талон арқылы сауда жасадық. Ол кезде жұмыскерлерге толық айлық төленбейтін. Айлықтың орнына талон алып, талонын азық-түлікке айырбастайтын. Сол кезде мен азықтүлік таратушы болдым. Осы аралықта отау құрып, кішкентайлы болдым да, баламен үйде отырдым, – деді тәтей.

Тәтей 1993 жылы қайтадан жұмысқа шығып, қаладағы ірі «Волна» сауда үйіне сатушы болып жұмысқа кіреді. Осы жерде үш жылдан астам еңбек етіп, нәпақасын тауып жүрді.

– 1996 жылдары теңге ауысқан шақта жұмыстан қысқарып қалдым. Соған қарамастан үйден түрлі тәттілер мен кондитерлік өнімдер пісіріп, сатып жүрдім. Сөйтіп жүріп, дүңгіршектерде жұмысқа орналастым. Ол кезде дүңгіршектер жеке меншік. Жұмыстан қайта-қайта шығарып жіберетін. «Жұмыссыз қалмайын» деп жұмыскер іздеп жатқан барлық дүкеннің есігін қақтым. Жұмыстан қашпай, еңбек еттім, – деді Жәмилә Ахметулина.

2004 жылы «Эльмира» дүкеніне ауысып келеді. Алғашқы жылдары дүкенді жөндеу жұмыстарына жапқан уақытта әуежай асханасына да барып істеп қайтыпты. Аядай ғана жерге үйден тамағын алып, сол жерде түней жатып істеген.

Жолдасының қайтқанына да 15 жылдан асыпты. Бес перзентін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай жалғыз өсірді. Күн-түн демей еңбек етті. Табаннан өткен суыққа да, қолына кірген тікенге де қарамады. Қазір сол бейнетінің зейнетін көріп отыр. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Ұл мен қыздан немере сүйіп, орталарында бақытты ғұмыр кешуде.

…Жақында ғана тәтей кейіннен тұрған жұмысынан шығып кетті. Себебі, немерелі болыпты. Сол немересін бауырына басып өсіргісі келген болар, бәлкім. Бұл да бір үлкен бақыт қой, шіркін!

Біраз уақыт бойы тәтейді дүкеннен көрмегеннен соң хабарласып едік. Немересінің жанында екен…