Өнім көлемін арттыруға не кедергі?

0 4

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапарында өңірдегі ең іргелі өндіріс ордасы – «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, «Минералды тыңайтқыштар» зауытының жұмыс барысымен танысты. Зауыт директоры Альберт Юн  өндіріс ошағының жылдық қуаты 1 миллион тоннаны құрайтынын жеткізді. Былтыр қаңтар айында 13330,7 миллион теңгенің 59,8 мың тонна өнімін өндірсе, биыл өндірілген өнім көгілдір отынның қалыпты жағдайда берілмеуінен 738,5 миллион теңге ғана болып, 40 мың тоннаны құраған. Зауытта 1,5 мың адам фосфогипс өндірісін өндіреді. Мұнда шешімін күткен мәселе аз емес көрінеді. Шикізат бағасының өсуі, көгілдір отынның қымбаттауы, тасымал құнының артуы өнімді мол өндіруге кедергі келтіруде.

Өндіріс орнының акт залында өткен басқосуды Парламент Сенатының депутаты Бауыржан Қанаев ашып, жүргізді. «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Ерсін Сариев 2021 жылдан бері серіктестік жұмысшыларының жалақысы 100 пайызға өскенін еске салды. Үш жыл бұрын орташа жалақы 70 мың болса, қазір 350 мың теңге. «Біздің нарықтағы бәсекелесіміз Ресей мен Қытай мемлекеті. Ал біздің өндіріс шикізат пен көгілдір отын бағасының жоғарылауынан шетелдіктермен бәсекелесе алмаудамыз. Әлемдік нарықта бәсекелестікті арттыру үшін бізге мемлекеттің қолдауы керек», дейді бас директордың орынбасары.

Басқосуда зауыттың бәсегеге қабілетсіздігі, бүгінгі күнде жамбылдық химиктер тап болған қиындықтарды қанша алпауыт кәсіпорын болса да мемлекет тарапынан қолдау-көмек болмай өз бетінше шешіп кете алмайтыны сөз болды.  Егер қиындықтан шығар жол болмаса, банкрот болудың мүмкін екенін де ортаға салды. Зауыт қалдығын жоюдың өзі жолға қойылмаған. Соның салдарынан облыс орталығының  экологиясына тигізіп жатқан зияны  сенаторларды бейжай қалдырмады.

Зауыт басшылығы өндіріс ошағын аман алып қалу үшін биліктен нақты көмек қажет екенін алға тартып, көмек сұрады. Бірінші, экологтар салық тәртібіне сәйкес эколологиялық төлем базалық нормасын төмендету қажет екені де сөз болды. Серіктестіктің бас экологы Арман Қарағалиев жаңа технологияларды енгізбей зауыт экологиясының төмендей беретінін жайып салды. Сондай-ақ пәлен жылдан бері тау болып үйіліп жатқан фосфагипс қалдықтарын жоюда күн тәртібінде өткір тұрған мәселенің бірі екені де қозғалды. Оған тасымалға мемлекет тарапынан субсидия берілсе дейді, – бас эколог.

«Зауытты заманауи технологиялармен жаңғыртпай экологиялық мәселе шешілмейді», дейді сенаторлар. «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының кеңесшісі, белгілі тау-кен инженері, қоғам қайраткері Батырбек Құлекеев зауыт аяғынан тұрып кеткенше уақытша қосымша 20 гектар фосфогипс қалдығын төгетін жер бере тұруды сұрады. Алдағы уақытта серіктестік басшылығы зауытты сыртқа көшіруді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков серіктестік зауыттың экологиялық жағдайын шешуге тырысып отырған жоқ, уақыт созуға ұмтылуда, дейді. «Екі жылдан кейін бұл мәселе қайта көтеріледі. Біздің міндет – бірінші орында қала халқының денсаулығын сақтау», деді қала басшысы.

Сенат депутаты Әлібек Наутаев «Қазфосфат» ЖШС басшылығы көтеріп отырған мәселе бір-екі күнде немесе бір-екі жыл көлемінде шешілетін мәселе емес. Біз оны жан-жақты зерделеп, зауыттың қалаға тигізетін экологиясын қарап барып парламентке ұсынамыз. Фосфогипс қалдығына қосымша жер беру бүгін-ертең шешілмейді» деді.

Сенаторлардың іргелі өндіріс орындарына  сапары «ТаразКожОбувь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жалғасып, зауыттың жұмысымен танысты. Зауыт директоры Еркін Абдыбаев еліміздегі жеңіл өнеркәсіптің  шетелдік осындай кәсіпорындармен бәсекелесе алмай отырғанын айтты. Зауыттың жылдық қуаты – 500 мың жұп аяқ киім шығару. 250 адам жұмыспен қамтылған. Орташа айлық жалақысы 150 мың теңге.

– Біз шикізатты Алматы қаласынан аламыз. 2016 жылдан бастап былтырға дейін  Қазақстан Қарулы Күштерінің тапсырысын орындап келдік. Биыл ол тапсырыстан айырылып қалдық. Бар болғаны елдегі жеңіл өнеркәсіптің 3-ақ пайызын қамтып отырмыз, 97 пайызы шетелдіктердің үлесінде. Қазір біздің нарықты Қытай, Өзбекстан мен Түркия жаулап алған. Отандық нарықта бізге билік тарапынан қолдау жоқ. Тапсырыстың болмауы қысқартуға әкеліп соғуы мүмкін. Біз жылдап дайындаған тәжірибелі мамандардан айырылып қаламыз ба деп қауіптенеміз, – дейді серіктестік директоры.

Жоғары палата депутаттарының «Кәсіпті дамыту үшін қандай қолдау керек?» деген сұрағына зауыт директоры алдымен салықтан босатып, мемлекеттен субсидия берілсе деді.

Одан кейін Парламент Сенатының депутаттары Байзақ ауданындағы  «Аулие-Ата-Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Серіктестік директоры Фарида Жүнісованың айтуынша, зауытта 142 адам еңбек етуде. Жұмысшылардың орташа жалақысы 142 мың теңгені құрайды. Зауытың жылдық қуаты 8 мың тонна. Бүгінде алты құс фабрикасы жұмыс істеп тұр. Алда оның санын 12-ге жеткізіп, жылдық қуатын 12 мың тоннаға арттыру жоспарланған. Негізінен өндірілген өнім Ресей мен Қырғыз мемлекеттеріне экспортталуда.