Домбыраның қазақ үшін қаншалықты қадірлі екендігін айтпасақ та түсінікті. Қос ішегіне тұтас бір ұлттың тарихын сыйдырған киелі аспаптың тамыры тереңде жатыр. Осы аспапты жасауды сүйікті ісіне айналдырған шебердің бірі – асалық Берік Жұматаев. Ол тапсырыспен айына 60 домбыра жасайды екен. Он саусағынан өнер тамған шебердің қолынан тек домбыра ғана шықпайды, басқа да түрлі ұлттық аспаптар жасауда.
Бастапқыда қызығушылық ретінде қолға алған ісін бүгінде ол кәсіпке айналдырған. Ұлттық аспаптармен қатар сыйлыққа ұсынатын кәдесыйларға да тапсырыс қабылдайды. Қолы қалт етсе, ауласындағы шағын шеберханасына кіріп, аспаптың әр бөлшегін өзі сызып, ерекше етіп жасауға тырысады.
– Мен домбыра ғана емес, ұлттық аспаптың барлық түрін жасаймын. Бұл іс шыдамдылықты қажет етеді. Жалпы, бұл іспен 13 жылдан бері айналысып келемін. Осы уақыт аралығында талай шәкіртті тәрбиеледім. Бірақ, көпшілігі бір айдың ішінде бәрін меңгеріп алып, бірден табыс тапқысы келеді. Алайда, домбыра жасау жеңіл қарайтын жұмыс емес. Кемі алты ай меңгеру қажет. Ел барда бұл кәсіп ешқашан өшпейді, – дейді ол.
Ұлттық өнерді ұлықтаған шебердің домбырасы бүгінде Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарына жіберілуде. Сонымен қатар Мәдениет қайраткері, жамбылдық танымал күйші Аман Малдыбаев пен оның ұлы Рүстем Малдыбаев та бірнеше жылдан бері Берік Жұматаевтың қолынан шыққан аспапты пайдаланып жүр екен.
Күтімі жақсы болса, бір домбыра бір адамға 25 жыл қызмет етеді. Өз ісінің кәсіби маманы музыкалық аспапты әзірлеу дұрыс ағаш таңдаудан басталатынын айтады.
– Қазір мен сыйлыққа беретін 20 домбыраны бір мезетте жасап жатырмын. Ал кәсіби аспапты дайындауға кемі 6 ай кетеді. Менің мақсатым – көп ақша табу емес, сапалы аспап жасау. Өз дүниемді бірден танимын. Оны көрсем, бойымда қуаныш сезімі кернеп, ерекше күйге бөленемін. Мен үшін бұдан асқан қандай бақыт бар, – дейді Берік Жұматаев.
Шебер әр жасаған дүниесіне өзіндік үлгіні ұстанып, қасиетті үнін сақтап қалуға барынша тырысатынын жеткізді. Өйткені, ол үшін домбыраның қоңыр үнін жоғалтпау аса маңызды.