Жұмыс бар жерде мүмкіндік бар

0 1

Ақмола облысында еңбек нарығы біртіндеп жанданып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған шаралар нәтижесін бере бастады. Бүгінде өңірде басты назар тек жұмыссыздықты азайтуға емес, еңбек нарығында нақты сұранысқа ие мамандарды даярлауға және азаматтарға тұрақты табыс табудың мүмкіндігін жасауға аударылып отыр.

Жыл басынан бері облыста 19,4 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 24 мыңға жеткізу міндеті тұр. Бұл – өңір экономикасының әртүрлі салаларында еңбекке деген қажеттіліктің сақталып отырғанын көрсетеді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, биылғы жылдың екінші тоқсанында Ақмола облысында 420 мың адам жұмыс күшінің құрамында болса, соның 401 мыңы еңбекпен қамтылған. Жұмыссыздық деңгейінің 4,4 пайыз болуы облыстағы көрсеткіштің республикалық деңгейден төмен екенін аңғартады.

Дегенмен еңбек нарығындағы негізгі мәселе жұмыс орнының саны ғана емес, жұмыс берушіге қажет маман мен жұмыс іздеп жүрген адамның біліктілігінің сәйкес келуі болып отыр. Қазірдің өзінде Enbek.kz электрондық еңбек биржасында өңірдегі жұмыс берушілер 6 мыңнан астам бос орын жариялаған. Оның басым бөлігі – жұмысшы мамандықтар.

Бұл ретте дәнекерлеуші, газ кесуші, слесарь, механик, құрылыс монтажшысы, тас қалаушы, жүргізуші, механизатор және тракторшы сияқты кәсіп иелеріне сұраныс жоғары. Сонымен қатар білім беру саласында тәрбиеші мен мұғалімдерге, қаржы бағытында бухгалтерлерге қажеттілік бар.

Яғни еңбек нарығы азаматтарға өз талабын қойып отыр. Қолында нақты мамандығы мен кәсіби дағдысы бар адамның жұмыс табу мүмкіндігі жоғары. Осыны ескерген өңірде кәсіптік оқытуға да айрықша көңіл бөлінуде.

Жыл басынан бері 3 мыңнан астам тұрғын түрлі оқыту бағдарламаларына қатысқан. Бірі «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерсе, енді бірі skills.enbek.kz платформасында еңбек нарығына қажетті дағдыларды үйренген. Ал жұмыс берушілердің нақты сұранысы бойынша азаматтар қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберіліп жатыр.

Мемлекеттік қолдаудың тағы бір бағыты – уақытша жұмыспен қамту арқылы азаматтарға еңбек тәжірибесін жинақтауға жағдай жасау. Жыл басынан бері 2 мыңға жуық ақмолалық субсидияланатын жұмыс орындарына тартылған. Олардың арасында қоғамдық жұмыстарға қатысқандар, әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқандар, жастар практикасына және «Күміс жас» жобасына қатысушылар бар.

Жастардың еңбек нарығына ерте араласуы да маңызды. Өйткені оқу орнын тәмамдаған жас маман үшін алғашқы жұмыс орны көбіне кәсіби жолының бағытын анықтайды. Ал тәжірибелі азаматтар үшін «Күміс жас» секілді жобалар еңбек әлеуетін қайта пайдалануға мүмкіндік береді.

Өңірде жұмыспен қамтудың тағы бір жолы ретінде кәсіпкерлікке бет бұрған азаматтарға қолдау көрсетілуде. Биыл 104 адам өз бизнес-идеясын жүзеге асыру үшін жалпы көлемі 37 миллион теңге болатын мемлекеттік грант алған. Шағын кәсіптің ашылуы бір адамды жұмыспен қамтумен шектелмей, болашақта жаңа жұмыс орындарының пайда болуына ықпал етуі мүмкін.

Еңбек нарығында әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтардың да назардан тыс қалмауы маңызды. Жыл басынан бері 434 мүгедектігі бар азамат жұмысқа орналасқан. Бұл – жұмыспен қамту саясатының әртүрлі әлеуметтік топтарға бірдей мүмкіндік беруге бағытталғанын көрсетеді.

Ал жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді бетпе-бет кездестіру үшін облыста бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылып келеді. Биылдың өзінде 101 жәрмеңке өткізілген. Мұндай шаралар барысында тұрғындар нақты вакансиялар туралы ақпарат алып қана қоймай, жұмыс берушімен тікелей сөйлесіп, еңбек жағдайы мен талаптарын білуге мүмкіндік алады.

Бұл жұмыстарды өңірдегі Еңбек мобильділігі орталығы мен 17 аудан және 3 қаладағы мансап орталықтары үйлестіреді. Мұндағы мамандардың міндеті – азаматты кез келген жұмысқа орналастыру ғана емес, оның кәсіби мүмкіндігіне сәйкес бағыт таңдауына көмектесу.

Бүгінде еңбек нарығының сипаты өзгеріп келеді. Жұмыс берушіге жай ғана жұмыс күші емес, нақты дағдысы бар, кәсіби тұрғыдан дайын маман қажет. Сондықтан еңбекпен қамту саясаты да осы талапқа бейімделуі тиіс.

Ақмола облысында қолға алынған шаралардың түпкі мақсаты – азаматқа жұмыс тауып беру ғана емес, оның тұрақты еңбек етуіне, табысын арттыруына және кәсіби тұрғыдан өсуіне мүмкіндік жасау. Ал жаңа жұмыс орындарының көбеюі өңір экономикасының дамуына тікелей әсер етеді.

Жыл соңына дейін 24 мың жұмыс орнына қол жеткізу жоспары осы бағыттағы жұмыстың ауқымын көрсетеді. Бұл меженің орындалуы үшін жаңа өндірістер мен кәсіпкерлік жобаларды қолдау, сұранысқа ие мамандарды даярлау және еңбек нарығындағы бос орындар туралы ақпаратты халыққа жедел жеткізу маңызды.

Еңбек – адамның жеке әл-ауқатының ғана емес, тұтас өңірдің экономикалық тұрақтылығының негізі. Сондықтан Ақмолада жұмыс орындарын көбейту мен халықтың еңбек әлеуетін тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстардың жалғасуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берері сөзсіз.