Ойын 2-2 есебімен тең аяқталды

0 1

Қазақстан Премьер-Лигасының 27-турында «Ақтөбе» футбол клубы өз алаңында «Ұлытау» командасын қабылдады.

Бірінші таймда есепті «Ақтөбе» сапынан Артур Шушеначев ашты. Алайда осы таймның соңына дейін «Ұлытау» командасының шабуылшысы Бақдәулет Зулфикаров екі гол салып үлгерді. Сөйтіп үзіліске кеткен кездегі есеп 1-2 болып, «Ұлытау» ұтып тұрды. Екінші таймда «Ақтөбенің» шабуылдары нәтиже бере қоймай, осы есеп 90-минутқа дейін сақталды.

Тек қосымша уақыттың 5-минутында Темірлан Ерланов есепті теңестіре алды. Ойын 2-2 есебімен тең аяқталды.

Қазақстан Премьер-Лигасының 27-турынан кейінгі кесте бойынша «Ақтөбе» футбол клубы 42 ұпаймен 5-орында тұр. Келесі турда біздің жерлестеріміз Семейдің «Елімай» командасымен кездеседі.

Ал 27-турдың басқа нәтижелеріне келсек, «Астана» өз алаңында «Қайратты» 1-0 есебімен ұтты, «Каспий» клубы да «Жетісуды» осы есеппен жеңді. Атырауда өткен «Ордабасы» мен «Атырау» командаларының кездесуі 3-0 есебімен «Ордабасының» жеңісімен аяқталды. «Қызылжар» мен «Қайсар» тең ойнады: есеп – 1-1. «Ертіс» клубы «Алтайды» 2-1 есебімен ұтты. Ал «Тобыл» өз алаңында «Елімайға» мүлде гол соға алмай, керісінше, «Елімайдан» 3 гол өткізді. «Оқжетпес» өз алаңында «Жеңісті» 3-1 есебімен жеңді.

Қазіргі күні турнирлік кестеде 61 ұпаймен «Ордабасы» көш бастап тұр. Екінші орында – «Қайрат», үздік үштікте сонымен қатар «Астана» командасы бар.

Келесі 28-тур ойындары қазан айының 10, 11-күндеріне жоспарланған.