Ғабит Мүсірепов ауданындағы «Нежинка-Ерке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде өндірісті жаңғырту, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, егіншілік мәдениетін жетілдіру және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бағытында жүйелі жұмыс істеп келеді. Заманауи технологиялар, мемлекеттік қолдау, кәсіби мамандар мен әлеуметтік жауапкершілік – кәсіпорынның тұрақты дамуының басты негізі.
Шаруашылық директорының орынбасары Қуат Батықовтың айтуынша, серіктестік соңғы жылдары сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. «Біз өндірісті кезең-кезеңімен дамытып келеміз. Мақсатымыз – жоғары өнімді, заманауи және тиімді шаруашылық қалыптастыру. Сондықтан жаңа технологияларды енгізіп, генетикаға, селекцияға, өндіріс мәдениетіне және кадр даярлауға басымдық береміз», – дейді ол.
Өткен жылы кәсіпорында 432 басқа арналған жаңа тауарлы-сүт фермасы пайдалануға берілген. Нысан толықтай еуропалық үлгідегі жабдықтармен жарақталған. Мұнда заманауи сиыр қорасы, жоғары технологиялы сауу залы және өндірістік инфрақұрылым салынған. Сауу залы «Параллель 2×18» жүйесімен жабдықталған. Бұл технология сиырларды жылдам саууға, олардың қозғалысын оңтайландыруға және еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні қожалықтың мүйізді ірі қара саны шамамен 1840 басқа жеткен. Оның 660-ы сауынды сиыр. Кәсіпорын тәулігіне 12 тоннаға жуық сүт өндіреді. Өнім күн сайын өңдеу кәсіпорындарына жөнелтіледі.
Жалпы қожалық соңғы жылдары мал басын асылдандыру жұмыстарымен айналысып келеді. Олар таналарды ұрықтандыруда америкалық тұқымды дұрыс көреді. Бұдан бөлек, серіктестік жаңа мал қоралардың құрылысы жалғасуда. Жобада екі бірдей мал қорасы мен олардың ортасына орналасатын заманауи сауу кешені қарастырылған. Бұл өндіріс көлемін бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді.
Мал шаруашылығының тұрақты дамуы егіншілікпен тығыз байланысты. Сондықтан кәсіпорын жыл сайын егіс құрылымын нарық талабына қарай өзгертіп отырады. Биыл 11 мың гектарға бидай, 4 мың гектарға арпа, 2300 гектарға зығыр, 1500 гектарға күнбағыс, 470 гектарға жүгері, 1600 гектарға бұршақ тұқымдас дақылдар егілді. Сонымен қатар сұлы және басқа да жемазықтық дақылдар өсіріледі. Бұл шаруашылықты сапалы жемшөппен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда кәсіпорын майлы дақылдардың үлесін ұлғайтып келеді. Дегенмен шаруашылық бір ғана бағытқа тәуелді болмай, егіс алқаптарын әртараптандыру қағидатын ұстанады.
– Қай дақылдың келесі жылы тиімді болатынын алдын ала болжау қиын. Сондықтан біз тәуекелді азайту үшін бірнеше бағытта жұмыс істейміз. Бұл – шаруашылықтың тұрақтылығының кепілі, – дейді Қуат Қорғанбайұлы.
Жаңа технологиялар бірден өндіріске енгізілмейді. Алдымен тәжірибелік алқаптарда сынақтан өткізіліп, нәтижесі дәлелденгеннен кейін ғана кең көлемде қолданылады.
Биыл шаруашылық көктемгі дала жұмыстарына бұрынғыдан да ерте дайындалды. Бұған мемлекеттің ерте қаржыландыру бағдарламасы үлкен мүмкіндік берген. Қаңтар-ақпан айларында қосалқы бөлшектер, тыңайтқыштар мен қажетті материалдар толық сатып алынып, техника жөндеуден өткізілді. Соның арқасында көктемгі егіс жұмыстарын белгіленген мерзімнен кешікпей аяқтады. Сонымен бірге биыл серіктестіктің автопаркі «Claas Xerion» тракторы және жаңа егіс кешенімен толықты. Бұл техника жеңілдетілген несиелеу және мемлекеттік субсидиялау бағдарламалары арқылы алынған.
Өндірісті жаңғыртумен қатар шаруашылықта құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізіледі. Өткен жылы үлкен астық қоймасы салынды, жаңа техникалық парк пайдалануға берілді. Мұнда ауылшаруашылығы техникаларын сақтау, жөндеу және қызмет көрсетуге барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар ауылдағы бірқатар әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Бүгінде «Нежинка-Ерке» ЖШС-да 380-ге жуық адам еңбек етеді. Қызметкерлердің жалақысы жыл сайын көтеріледі. Кәсіпорын ауылдың әлеуметтік дамуына ерекше көңіл бөледі. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар толықтай орталық қазандыққа қосылған. Шаруашылық тұрғындарды шөппен, сабанмен, сүрлеммен, ұсақталған жеммен және басқа да мал азығымен қамтамасыз етеді. Кәсіпорынның қамқорлығында мектеп пен балабақша бар. Оларға жөндеу жұмыстарынан бастап, материалдық қолдауға дейін жан-жақты көмек көрсетіледі.
Шаруашылықта негізінен жергілікті тұрғындар еңбек етеді. Көптеген жас мектеп бітіргеннен кейін аграрлық мамандық алып, туған ауылына қайта оралады. Кәсіпорын басшылығы кадр даярлау мен кәсіби біліктілікті арттыруға да ерекше көңіл бөледі. Мамандар семинарларға қатысып, жаңа технологияларды меңгеріп, тәжірибе алмасып отырады.