Жобалық-сметалық құжаттамалардың сапалы орындалуы маңызды

0 22

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте құрылыс нысандарының жобалық-сметалық құжаттамаларының әзірлену барысы мен көктемгі дала жұмыстарының жай-күйі талқыланды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева бұған дейін басталған және дайындалу кезеңіндегі жобаларға жасалған талдау қорытындысы туралы баяндады. Аймақ басшысы жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеудегі кемшіліктерді сынға алып, салынатын нысандардың сапалы болуында құжаттама жұмыстарының маңыздылығын баса айтты. Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы қажеттігін ескерткен облыс әкімі құрылыс басқармасына ЖСҚ-ны тапсырыс беруші тараппен бірлесе дайындау бойынша бірқатар нақты міндеттер жүктеді.

Ал ауылшаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Мұқашев көктемгі егіс-дала жұмыстарына тоқталып, биыл облыста 644,5 мың гектар алқапқа ауылшаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отырғандығын жеткізді. Оның ішінде дәнді және дәнді бұршақты дақылдар – 364,7 мың гектарға, майлы дақылдар – 45,8, қант қызылшасы – 7,9, картоп – 4,5, көкөніс – 23,1, бақша дақылдары – 7,9 мың гектарға және мал азығы дақылдары 190,5 мың гектарға егіледі деп көзделуде.

Бүгінде дала жұмыстарына қажетті 44,8 мың тонна тұқымның 42,9 мың тоннасы дайындалып, Байзақ, Жамбыл және Меркі аудандарында көктемгі дала жұмыстары басталды. 1280 гектарға арпа, 225 гектарға көкөніс, 32 гектарға картоп егілді.

Басқарманың ақпаратына сәйкес, биыл суды тиімді пайдалану мақсатында облыстағы су үнемдеу технологиялары пайдаланатын алқапқа қосымша 7 мың гектар қосылуда. Соның есебінен су үнемдеу технологияларын жалпы 47 мың гектарға енгізу жоспарлануда.

Облыс әкімі аудандардан жеке-жеке жауаптар алып, ауылшаруашылығы техникаларының дайындығы, жанар-жағармайды жеткізу ісіндегі шараларды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстары сапалы әрі уақытылы жүргізілуі қажеттігін ескертті.

– Кабинетте ортырып, сапасыз ақпарат бермей, өздеріңіз аралап, көзбен көріңіздер. Бізге қағаз бойынша көрсеткіштер емес, нақты ақпарат керек. Шаруалармен тығыз байланыста болыңыздар. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау мен жеңілдетілген несиелерге қатысты түсіндірме жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі тиіс, – деген облыс әкімі жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.