Жетісу облысында энергетика саласын жаңғыртуға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Өңірдегі жалпы энергетикалық қуат 333 МВт-қа жетсе, оның басым бөлігі – 271 МВт немесе 80 пайыздан астамы жаңартылатын энергия көздерінің үлесінде. Алдағы жылдары жаңа станциялар мен электр желілерінің құрылысы бұл көрсеткішті одан әрі арттырмақ.
Бүгінде облыста жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын 19 нысан бар. Оның 15-і – жалпы қуаты 147 МВт болатын гидроэлектр станциялары. Бұдан бөлек, өңірде қуаты 124 МВт болатын екі жел және екі күн электр станциясы жұмыс істеп тұр.
Энергетика саласындағы жобалар мұнымен шектелмейді. 2028 жылға дейін жалпы қуаты 191 МВт болатын тағы 10 жаңартылатын энергия нысанын іске қосу жоспарланған. Атап айтқанда, Сарқан ауданында Покатилов су қоймасы мен оған жақын аумақта ГЭС салу, сондай-ақ Кербұлақ ауданында жаңа гидроэлектр станциясын тұрғызу көзделіп отыр.
Биылдың өзінде үш нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Кербұлақ және Көксу аудандарындағы ГЭС-тер мен Панфилов ауданындағы күн электр станциясының жалпы қуаты 40,6 МВт болады.
Өңірдегі электр желілерінің мүмкіндігін кеңейтуге де айрықша мән берілуде. Соның бірі – «Талдықорған – Жаркент» бағыты бойынша ұзындығы 217,4 шақырым болатын 220 кВ электр беру желісін салу жобасы. Жаңа желі облыстың электрмен жабдықтау сенімділігін арттырып, тұтыну көлемінің өсуіне және жаңа нысандарды электр желісіне қосуға жағдай жасайды.
Талдықорған мен Текелі қалаларында салынатын газтурбиналық станциялар да энергетикалық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Жалпы қуаты 137 МВт болатын нысандар кезең-кезеңімен іске қосылмақ. Бұл станциялар өңірді электрмен қатар жылу энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жетісудың энергетикалық әлеуетін арттыратын ірі жобалардың бірі – Жоңғар қақпасы аумағындағы қуаты 1 ГВт-қа дейін жететін жел электр станциясы. Оның құрылысын келесі жылы бастау жоспарланған.
Жалпы, қолға алынған жобалар өңірдің электр энергиясына деген қажеттілігін өтеуге, энергетикалық қауіпсіздікті күшейтуге және жаңа өндірістердің дамуына қажетті жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру Жетісудың «жасыл» экономикаға көшу бағытындағы маңызды қадамдарының біріне айналмақ.