Абай облысының жас спортшысы Бекарыс Құдайберген халықаралық аренада ел мерейін үстем етті. Үржар ауданындағы мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Эквадордың Гуаякиль қаласында өтіп жатқан кадеттер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді.
20-23 тамыз аралығында ұйымдастырылған дүбірлі додаға әлемнің 59 елінен 457 жас дзюдошы қатысып, татамиде шеберліктерін сараға салуда. Осындай ірі бәсекеде Қазақстан құрамасының намысын қорғаған Бекарыс Құдайберген 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынады. Жас спортшы үшін жарыстың әр белдесуі оңайға түскен жоқ. Дегенмен ол алғашқы кездесулерден-ақ өзінің дайындығы мен жігерінің мықты екенін көрсетті. Бекарыс алдымен Словакия өкілі Адам Марковичпен белдесіп, қарсыласынан басым түсті. Кейін Италия спортшысы Исмаэль Мехабраны да жеңіп, ширек финалға жолдама алды.
Шешуші кезеңге жақындаған сайын бәсеке қыза түсті. Ширек финалда әзербайжандық Фарид Рзазадеге қарсы белдесуде Бекарыс жеңіліс тапты. Алайда бұл сәтсіздік жас татами шеберінің жігерін жасыта қоймады. Ол жұбаныш белдесуінде алаң иесі, Эквадор спортшысы Эмилиано Гарсиямен кездесіп, сенімді түрде жеңіске жетті.
Осылайша Бекарыс Құдайберген үшінші орын үшін таласуға мүмкіндік алды. Қола жүлде жолындағы белдесуде грузиялық Саба Нозадзеге қарсы татамиге шыққан қазақстандық дзюдошы қарсыласын жеңіп, әлем чемпионатының қола жүлдесін қанжығасына байлады.
Бұл жетістік — жас спортшының бірнеше жыл бойғы тынымсыз еңбегі мен табандылығының жемісі. Сонымен қатар оның спорттық шеберлігінің шыңдалуына жаттықтырушысының кәсіби дайындығы мен жүйелі еңбегі де үлкен ықпал еткені сөзсіз.
Бекарыс Құдайберген Б. Момышұлы атындағы орта мектепте білім алып, бос уақытын спортқа арнап жүрген талапты жас. Оның әлемдік деңгейдегі жарыста жүлдеге ие болуы — Абай облысында дзюдо спортының дамып келе жатқанын көрсететін маңызды жетістіктердің бірі.
Жас спортшының бұл жеңісі туған жеріндегі жанкүйерлеріне де қуаныш сыйлады. Әсіресе аудан көлемінде спортпен айналысып жүрген жасөспірімдер үшін Бекарыстың жетістігі үлкен мотивация болары анық. Әлем чемпионатындағы қола жүлде оның алдағы жарыстарда бұдан да биік белестерді бағындыруына жол ашпақ.
Айта кетейік, Гуаякильдегі әлем чемпионатында Абай облысының тағы бір өкілі Әлижан Сайлаубеков те ел намысын қорғайды. Ол 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде татамиге шығады.
Абайлық спортшылардың халықаралық додада топ жарып, ел қоржынына жүлде салуы — өңірдегі жасөспірімдер спортына көрсетіліп отырған қолдаудың нәтижесі. Бүгінде аудан-аймақтардағы спорт мектептерінде тәрбиеленіп жатқан жас таланттардың республикалық және әлемдік жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінуі — осы бағыттағы жұмыстың жемісті екенін аңғартады.
Бекарыс Құдайбергеннің әлем чемпионатындағы қола жүлдесі де сол еңбектің жарқын көрінісі. Жас дзюдошының алдағы бәсекелерде ел абыройын асқақтатып, көк байрақты биіктерде желбіретеріне сенім мол.