Қазақ – талантқа бай ұлт. Жыл сайын жалпы халық болып руханиятымыздың алтын асықтай оғландарының мерейтойларын дүрілдетіп тойлаймыз. Бірақ кейінгі кездері сол бір сансыз тойлардан мән кетіп, түйер ой таязданып, даңғазаға әуестеніп алдық.
Жүз жылда бір туар ардақтыларымыздың атын шығарып, тағылымды өмірін ұрпаққа үлгі етіп, халыққа сіңірген еңбегін насихаттау қажет-ақ. Дегенмен, қазіргі мерейтойларда осы бір аруақты тіктеу деген басты мақсатты шетке ысырып тастап, тұлғалардың соңына қалдырған мол мұрасын әділ бағалау жолынан айнып барамыз. Мадақ пен мақтанның буына мастанып алғанымыз соншалық, үлгіден гөрі даңғойлыққа бейімделіп алдық.
Біздің бұлай кесіп сөйлеуімізге себеп боларлық жайт көп. Мәселен, Алты алашқа аты мәлім алыптардың мерейтойы жақындаса, Алтай мен Атыраудың арасына сауын айтып, тайлы-тұяғымыз қалмай шабыламыз. Ат шаптырып, көкпар беріп, айтыс өткізіп, ақын Төлегеннің тілімен айтқанда «жығылған балуанға да бәйге бергіміз келіп» сең соққан балықтай сенделеміз. Есік пен төрдей бірнеше көлік сыйланатын айтыс пен бәйге өткізуді былай қойып, көпке жай дастарқан жаюдың өзіне ақша керек. Мерейтой боларда қаржыны бюджеттен бір, демеушілердің қалтасынан екі алып, ол да жетпейді деген желеумен тұлғаның туған жеріндегі жерлестерінен жылу жинап, әбігерге түсеміз. Атаққа зәру немесе шын атымтай демеушілерге жарайды делік, қарапайым қарашаның қалтасынан шыққан тиынның сұрауын қайтеміз? Жанын әрең бағып жүрген жұрттың бір күндік жалақысын асқа деп бөлгізу басқаны айтпағанда, ұлықтамақ тұлғаның рухын қорлау емес пе? Мерейтой иесі ғайыптан тіріліп, ортамызға оралса, мына бір оспадар тірлігімізге күйінгеннен қайыра ажал құшуы кәдік екенін ойладық па?
«Көп түкірсе – көл» деген, санадағы ақеділ көңіл бұқара барда ақша да, басқа да табылар. Мұның сыртында да ақылға томпақ талай «қожанасырлық» жасап жүрміз. Мәселен, той өтетін орын ретінде көбіне адам аяғы баспайтын тау қойнауындағы немесе көл жағасындағы көрікті жерлер таңдалады. Өстіп, төрт-бес сағаттық қызыққа бола көркем жерлердің табиғатына залал келтіріп, қоқысқа толтырып қайтамыз. Мұның сыртында бюджеттік мекемеде қызмет ететін кішкене қызметкерлер елден бұрын сол жырақтағы мекенге көшіп барып, бала-шағасының аузынан жырып қазан асып, алты қанат ақ отау тігіп, бірнеше күн үй бетін көрмей қаңғиды. Осы бір тігілген үйлердегі аста-төк дастарқанында «нақақ көзден жас бар ма?» дейтін жан тағы жоқ.