Жерлестеріміздің қан майдандағы ерлігі ұмытылмайды

0 0

Ұлы Отан соғысында жамбылдық жауынгерлер де ерліктің үлгісін көрсетті. Тарих беттерінде сақталған дерек бойынша, өңірімізден аттанған 106 мыңға жуық жауынгер соғыс майданының барлық шептерінде ерлікпен шайқасып жатты. Құландық зерттеуші Бекқұлы Әліұлының дерегінше, Брест қамалын қорғау сәтінен бастап қазақ сарбаздары Ұлы Отан соғысының тарихында алтын әріппен жазылды. Брест қамалын қорғауға 100-ден аса жамбылдық қатысып, 88 батырдың есімі белгілі болды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанда 12 атқыштар, 4 ұлттық дербес атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 50-ге жуық жеке полктар мен батальондар құрылған. Яғни, Қазақстаннан 1 миллион 200-ден 1 миллион 400 мың адамға дейін майданға алынды деп есептеледі. Соның ішінде Жамбыл қалалық партия комитетінің әскери бөлімінің 1943 жылғы 26 тамызындағы мәліметі бойынша, соғыс басталғаннан бері Жамбыл қаласында 1941 жылдың маусымында 678-ші ерекше атқыштар батальоны, ал шілдеде ерекше инжинерлік құрылыс батальоны, тамыз айында 81-ші атты әскер дивизиясы, қарашада ерекше ұлттық атты әскер дивизиясы, газдан залалсыздандыру отряды, сондай-ақ 1942 жылдың қараша-желтоқсан айларында 5-теміржол ротасы, 1942 жылдың ақпанында 1914 жұмысшы батальоны мен 1919 жұмысшы батальондары жабдықталды. Мәскеу түбінде кескілескен шайқас көрсетіп, Алматыда жасақталған Иван Панфилов басқарған 316-шы атқыштар дивизиясының еткен ерліктері тарих беттерінде сақталатыны сөссіз. Мәселен, 1941 жылдың 19 қазанында Мәскеу жау қоршауында қалғанда қаланы 316- шы атқыштар дивизиясы қорғағаны белгілі. Сол жылдың қыс мезгілінде Дубосеково разъезінде 28 кеңес жауынгері фашистердің 50 танкісіне қарсы тұрды. Кескілескен ұрыста жауынгерлер жаудың 18 танкісі, жүздеген солдаттары мен офицерлерін жойып, өшпес ерлік жасады. Барлық жауынгерлерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Айта кетейік 28 қазақстандықтың ішінде жамбылдықтар да жоқ емес. Нақты айтқанда Николай Белашов пен Иван Москаленко ерен еңбегімен ерекшеленді. Николай Никанорович Белашов 1911 жылы облысқа қарасты Қордай ауданында туған. 1941 жылдың шілде айында әскер қатарына шақырылып, 316-шы атқыштар дивизия құрамындағы 1075-ші атқыштар полкінің 4-ші ротасына қатардағы жауынгер болып тірелген. 1941 жылдың 16 қарашасында Мәскеу облысы Волоколам ауданының Дубосекова разъезінде болған ұрыста қаза тапқан. 1942 жылдың 21 шілдесінде КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ал Иван Васильевич Москаленко – Қызыл Армия, Батыс майданының 16-шы атқыштар дивизиясының 1075-ші полкінің 2-ші батальонына қарасты 4-ші ротасының атқышы. Қордай ауданының Георгиевка ауылында 1912 жылы дүниеге келген.

1941 жылы шілде айынан бастап Қызыл Армия қатарында қызмет еткен. Сол жылдың 16 қарашасында Иван Москаленко Мәскеу облысы Волоколам ауданы Дубосекова разъезі түбіндегі ұрыста жау екпініне қарсы тұрып, техникаларының көзін жойып, жанкештілікпен қаза тапты. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1942 жылы 21 шілдеде шыққан Жарлығы бойынша Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Мәскеу түбіндегі шайқаста аға лейтенант Бауыржан Момышұлының басқаруындағы батальонның жеке құрамы жоғарғы дәрежедегі ұйымшылдық пен Отан алдындағы антқа адалдықтарын көрсетті.

Бауыржан Момышұлы Мәскеу түбіндегі ұрыста генерал Панфиловтың мектебінен өтіп, соңын ала өзі де 9-шы гвардиялық дивизияны басқарды. 316-шы атқыштар дивизиясының өшпес ерлігі тарих шежіресінде алтын әріппен жазылды. Өйткені бұл дивизия Гитлердің қауырт соғыс жоспарын жүзеге асыруға бөгет болған дивизиялардың бірі еді. Майданның басқа да бөліктерінде жамбылдық жауынгерлер шайқасып жатты. Белгород түбінде болған ұрыста гитлершілерді әскери талқандаған Совет қарулы күшінің құрамалары Днепрге қарай аттанды. Днепрден өту кезінде 20 қазақстандық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Олардың 8-і жерлестеріміз еді. Атап айтқанда Мәди Бегенов, Владимир Вишневецкий, Владимир Савва, Степан Сущев, Саян Шакировтар бар еді.

Сонымен қатар соғыс жылдарында ерекше батырлығымен көзге түскен жерлесіміз Ақәділ Суханбаевтың ерлігін де айтпай кетуге болмас. Ол 1920 жылдың 16 желтоқсанында Қарасу кентінде туған. Ұлы Отан соғысы майданында 1941 жылдың қазан айынан бастап көзге түсе бастады. 628-ші атқыштар полкінің бөлімше командирі болған қатардағы жауынгер Ағаділ Сухамбаев Польшаның Августов қаласынан солтүстік шығысқа қарай 24 шақырым жерде орналасқан Стшельцовизна деревниясының түбінде 1944 жылдың 31 шілдесі күнгі ұрыстың қиын сәттерінің бірінде жау пулеметін өз кеудесімен жауып, өз бөлімін жеңіске жеткізді. Жеңіс үшін жанын құрбан етті. Осы ерлігі үшін оған 1945 жылдың 24 наурызында Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Жамбылдық жазушы Пернебай Дүйсенбиннің Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Ұлт батырлары» кітабында: «Ұлы Отан соғысы жылдарында 133 қазақстандық Кеңес Одағы Батыры атағына ұсынылған. Оның ішінде атақ алған 97 қазақтан тыс 118 қазақ, 6 орыс, 3 өзбек, 3 татар, 2 ұйғыр, 1 тәжік бар. Бірақ бұларға Кеңес Одағының Батыры атағы берілмей, тек түрлі ордендермен марапатталған. Солардың қатарында осы үлкен атаққа ие болған қазақ ұлтының азаматтары 103 болса, қатарында жамбылдықтар барына мақтан етеміз», делінген.

Соғыс басталған сәттен-ақ алғашқы соққы Брест қамалдарына бағытталды. Сол кезеңде совет жауынгерлерінің батылдығы мен ерлігі ерекше көрінді. Қамалды қорғағандардың ішінде 100-ден астам жамбылдық жауынгерлер болды, олардың көрсеткен ерлігі ешқашан ұмытылмайды және ұрпақ жадында мәңгі сақталады.