Студенттер синтетикалық есірткінің қаупі жайлы ақпарат алды

0 2

Тараз қаласында жастар тәрбиесі мен синтетикалық есірткінің зиянына қарсы бағытталған маңызды кездесу өтті. Өңірде жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» қағидаттары аясында ұйымдастырылған танымдық дөңгелек үстелге университет құрамындағы Қаратау тау-кен технологиялық колледжінің студенттері қатысты.

Іс-шараны облыстық Әлеуметтік жұмыс басқармасының маманы Е.И.Мамедалиев жүргізіп, жиын барысында жастар арасындағы тәрбие мәселесі, зиянды әдеттердің алдын алу және синтетикалық есірткінің қоғамға тигізер зардаптары жан-жақты сөз болды.

Кездесуге Жамбыл облыстық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Айгерім Каукешова, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Әлімбай Найзабаев және Тараз қалалық Жастар ресурстық орталығының маманы Еркебұлан Спабек қатысты.

Мамандар жастардың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау – бүгінгі қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Әсіресе соңғы жылдары белең алып отырған синтетикалық есірткінің жастар денсаулығына ғана емес, олардың болашағына да үлкен қауіп төндіретіні айтылды.

Жиын барысында студенттерге есірткі қылмысының құқықтық салдары түсіндіріліп, зиянды әдеттен сақтанудың жолдары кеңінен насихатталды. Сонымен қатар жастарды бос уақытты тиімді өткізуге, білім мен еңбекке ұмтылуға шақырған тағылымды пікірлер айтылды.

Кездесу соңында студенттер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, сала мамандарынан нақты жауап алды. Еркін пікір алмасу форматында өткен басқосу жастардың қоғамдағы өз орны мен жауапкершілігін тереңірек түсінуіне мүмкіндік берді.