Жамбыл облысында есірткі қылмысының алдын алу бағытындағы түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта облыстық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен бірлесіп, ҚР ІІМ ҚАЖК-нің №59 мекемесінде жазасын өтеуші азаматтармен кездесу өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – сотталған азаматтардың құқықтық сауатын арттыру, есірткі қылмысына қатысты теріс көзқарас қалыптастыру және қайталама құқықбұзушылықтардың алдын алу. Кездесу барысында мамандар есірткі құралдарының заңсыз айналымының қоғамға тигізер зияны мен оның құқықтық салдары туралы кеңінен түсіндірді.
Жиынға қатысушылар алдында бұрын құқықбұзушылық жасап, бүгінде қоғамға бейімделіп, есірткіге қарсы бастамалар аясында ерікті ретінде қызмет атқарып жүрген азамат сөз сөйледі. Ол өміріндегі қиын кезеңдер туралы ашық айтып, қателіктің адам тағдырына ауыр салмақ салатынын жеткізді. Сондай-ақ жастар мен замандастарын заңды құрметтеуге, саналы өмір салтын ұстануға шақырды.
Кездесу аясында қайта әлеуметтену, қоғамға бейімделу, жұмыспен қамту және азаматтардың қалыпты өмірге оралуына қатысты маңызды мәселелер де қозғалды. Мамандар сотталған азаматтарға өмірді жаңа парақтан бастауға мүмкіндік әрдайым бар екенін атап өтті.
Айта кету керек, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі мұндай профилактикалық жұмыстар ішкі істер органдарының есірткі қылмысына қарсы күрестегі маңызды бағыттарының бірі саналады. Себебі түсіндіру мен тәрбие жұмыстары арқылы құқықбұзушылықтың алдын алып, қоғам қауіпсіздігін нығайтуға жол ашылады.