Жеңіс күніне орай Мойынқұм ауданындағы «Өнер және қосымша білім беру» мектебінде «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат» атты еске алу іс-шарасы ұйымдастырылды. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қиындықтарды, халықтың басынан өткен ауыр қасіреттерді жас ұрпаққа жеткізу, олардың патриоттық сезімін ояту және қазақстандықтардың ерлік істерін насихаттау болды.
Іс-шараны тіл үйірмесінің мұғалімі Гүлсім Тастанбекова жүргізіп, қатысушыларды мерекемен құттықтады. Ашылу сәтінде ерекше әсер қалдырған көрініс ұсынылды. Рейхстагқа ту тіккен қаһарман Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігін бейнелейтін сахналық көрініс көрсетті. Көріністе Рахымжан Қошқарбаевтың рөлін Нұрбол Жиренше, ал ауыл балаларын Сайлау Елжан мен Жандәулет Марат сомдады.
Сонымен қатар, оқушы Дана Жиренше «Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды» тақырыбында әсерлі баяндама оқып, соғыс ардагерлерінің ерлігін жастарға еске салды. Кеш барысында қатысушылар Екінші дүниежүзілік соғыс майданында қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.
Мектеп директоры Әсемхан Шегебаев құттықтау сөз сөйлеп, бейбіт өмірдің қадірін ұғындырудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, жастардың патриоттық сезімін қалыптастыру, елін сүюге тәрбиелеу бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі болып отыр.
Іс-шараның көркін қыздыра түскен өнер бөлімі де ерекше әсер қалдырды. Театр және тіл үйірмесінің оқушылары «Тәуелсіздік ұландары» әнін хормен орындап, әдеби монтаж арқылы соғыс жылдарындағы ауыр кезеңдерді бейнеледі. Сонымен қатар, кеш соңында ұстаздар мен оқушылар бірігіп, «Катюша» әнін орындап, еске алу іс-шарасын әсерлі және жылы лебізбен қорытындылады.
Бұл іс-шара жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің, олардың бойына Отанға деген сүйіспеншілікті сіңіріп, тарихты құрметтеуді насихаттаудың маңызды үлгісі болды. Мектептің әрбір ұстазы мен оқушысы Ұлы Жеңіс жылдарындағы батырлықты, ел қорғауға деген адалдықты жастарға жеткізуге атсалысты.
Осындай іс-шаралар арқылы болашақ ұрпақ тарихты ұмытпай, ардагерлердің ерлігін қастерлеп, бейбіт өмірдің қадірін түсінетіні сөзсіз.