Жаңа Конституция – жастардың жарқын болашағына бастар жол

0 2

15 наурыз күні жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Ата Заңымыз 1 шілде күні заңды күшіне енді. Бұл күн әр қазақстандық үшін тарихи мәні, тағдырлы мағынасы бар сәт.

Жаңа Конституцияда білім мен ғылым, мәдениет пен мемлекеттік жастар саясаты мәселелері ерекше орын алған. Конституцияның преамбуласынан бастап: «Біз, біртұтас Қазақстан халқы, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алып, келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп, осы Конституцияны қабылдаймыз», – делінген. Ал жаңа Конституцияның 3-бабында: «2. Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды», – деп көрсетілген. Бұл бұрын болмаған новелла. Яғни, мемлекеттің келешегі тікелей бәсекеге қабілетті білімнің сапасына және инновациялық ғылымның дамуына байланысты. Кез келген реформаны іске асыратын адами ресурстар. Ол дегеніміз, Қазақстанның болашағы енді тек қана табиғи, минералды ресурстармен емес, адам капиталымен анықталады. Адами капитал арқылы даму – жаңа Конституцияның негізгі басымдығы болып отыр.

Қазіргі әлем күн сайын өзгеруде: жаңа технологиялар, мамандықтар және салалар пайда болуда. Осындай жағдайда жастарымыз жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге және озық білімін тиімді пайдалануға дайын болу керек. Яғни, рухани серпіліс жаңа сапалы білім алудан басталады. Ал жаңа Конституция осыған толық мүмкіндіктер беріп отыр. Инновациялық ғылымды дамыту жаңа Конституцияда ерекше орын алған. Көп жылдар бойы Қазақстан экспортқа тек шикізат шығаратын мемлекет болып келді. «Казахстан – сырьевой придаток развитых государств» деген сөз жиі айтылатын. Мысалы, Қытай бізден алған шикізаттан әртүрлі өнім шығарып, оны бізге бірнеше есе қымбат бағамен сатады. Қазақстан экономиканың әртүрлі салаларында өнім шығаратын мемлекетке айналу үшін инновациялық технологияларды дамытып, оны өндіріске ендіру керек. Ол үшін шағын және орта бизнес өкілдерінің ғылымға деген көзқарасы өзгеріп, бет бұруы қажет. Тек қана сонда ғылымды қажет ететін экономика дамитын болады. Сонымен қатар мемлекеттің дамуы халықтың бірлігіне тікелей байланысты. Қазақстан халқы ассамблеясы саяси-әлеуметтік институт ретінде өзінің тарихи миссиясын жақсы орындады.

Еліміздің саяси жүйесі жетілдіріліп жатқан кезде, уақыт талабына сай Ассамблеяның жұмыс форматын өзгертіп, жаңа механизм енгізу қажет болды. Сондықтан жаңа Конституцияның 70-бабына сәйкес «Қазақстан Халық Кеңесі – Қазақстан Республикасы халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган» құрылады. Оның құрамына кіретін 126 адамның үштен бір бөлігі, яғни 42-сі этномәдени орталықтарының өкілдері болады. Ішкі саясаттың негізгі қағидаттарын, қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту бағыттарын іске асыратын орган – Халық Кеңесі болады.

Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында саясаттанушылар және сарапшылар тарапынан ұлттық идеологияға байланысты әртүрлі сын-пікірлер айтылуда. Мысалы, кезінде «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы жан-жақты насихатталды. Одан кейін «Рухани жаңғыру» ұлттық жобасы іске асырылып, барлық өңірлерде жобалық офистер ашылып, оған қомақты қаражат бөлінді. Бірақ «Мәңгілік ел» мен «Рухани жаңғыру» жобалары толыққанды ұлттық идеологияның орнын толтыра алмады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың 3-ші отырысында жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасын ұсынды. Жаңадан құрылатын Халық Кеңесінің жұмысы осы доктринамен ұштастырылатын болады. Бұл жұмыста, Мемлекет басшысы айтқандай, этнопопулизмге жол бермеу керек. Этнопопулизм – халықтың арасында іріткі салатын өте қауіпті дерт. Этнопопулизм бар жерде ешқашан да ұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Этнопопулизм – өтірік уәде беретін, даңғаза ұрандарды насихаттайтын, тек жеке амбицияларымен өмір сүретін адамдардың бойындағы кесапат. Этнопопулизмнің мақсаты біреуақ: өз халқыңды жұрттың бәрінен артық халық деп ұғындырып, оны басқаларға қарсы айдап салу. Әрине, әр заманның ерекшеліктеріне сай этнопопулизм жағдайға байланысты тез өзгеріп тұрады. Қазақстанның этнодемографиялық жағдайында этнопопулизмге жол бермеу – өте маңызды.

Жаңа Конституцияның 41-бабының 2-тармақшасында былай деп жазылған: «Этносаралық және конфессияаралық татулықты бұзуға алып келетін әрекет конституциялық емес деп танылады». Одан бөлек, адам құқықтарын қорғау – Конституцияның басты бағдары ретінде жарияланған. Жаңа Конституцияның екінші бөлімі адамның негізгі құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне арналған. Адам құқықтарын қорғауға арналған баптар бұрынғы Конституцияда да болған. Бірақ ЖИ-мен цифрлық технологиялар дамыған ғасырда зияткерлік меншікті қорғау, азаматтардың құқықтарына кепілдіктерді күшейту, цифрлық ортада құқықтарды қорғау – бұл Конституцияның адамға байланысты негізгі жаңашылдықтары болып отыр. Қорыта айтқанда, жаңа Конституция елдің тәуелсіздігі мен тұтастығын өзгермейтін құндылық ретінде дамытатын Ата Заңымыз болатынына сенеміз.

Жаңа Конституция, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданып отыр. Ата Заңға волонтерлік қызмет, ғылым, инновация, жасанды интеллект сияқты ұғымдар енгізілді. Яғни, жаңа Конституция жастарға бағытбағдар беретін темірқазық болады. Сондай-ақ жастарымыз қолжетімді және сапалы білім алуға, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықты игеруге, бәсекеге қабілетті ғылыммен айналысуға, мемлекет тарапынан жасалынатын «әлеуметтік лифтілер» арқылы қазақстандық қоғамда өзіне лайықты орнын табуға зор мүмкіндіктер алып отыр. Осы орайда, жастарымыз жайбасарлыққа салынбай, Ата Заңымыз беріп отырған мүмкіншіліктерді уақтылы, тиімді, мақсатты пайдалану керек деп ойлаймын. Себебі жаңа Халық Конституциясы – келер ұрпақпен бірге жасай беретін қасиетті құжат. Тағы да айта кететін бір мәселе, кез келген мемлекет егемендік алғаннан кейін, оның саяси жүйесі қалыптасатын кезең болады. Оны ғылымда саяси транзит деп атайды. Әр мемлекетте ол әртүрлі уақыт алады.

Қазақстанда саяси транзит мерзімі 30 жылдан астам созылды. Осы жылдары 1995 жылы қабылданған Ата Заңымызға бірнеше рет өзгерістер енгізілді. Себебі, заман бір орында тұрмайды. Уақыт жаңа талаптар қояды. Қабылданған жаңа Конституция саяси транзиттің соңғы кезеңі болды. Ол Қазақстанның жаңа дәуіріне жол ашады. Яғни, Қазақстанның демократиялық және құқықтық мемлекет ретінде дамуына саяси платформа болады. Ал ол үшін біз де өзгеруіміз қажет. Әділетті және прогрессивті Қазақстанның адал азаматы деген атқа лайық болу үшін адамдардың санасы өзгеру керек. Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның: «Саясат пен экономиканы реформалау үшін алдымен сананы реформалау керек», – деген сөзін ұмытпайық. Өзгеріс алдымен өзімізден басталады. Жаңару мен жаңғыру жолына дауыс бердік. Осы жолда берекелі бірлік пен ырысты ынтымағымыз ұзағынан болсын!