«Жамбыл бизнес» – жеңілдетілген несиелеу жобасы

0 4

Бүгінгі таңда Жамбыл облысы өнеркәсіп саласында шетелдік инвесторларды тарту бойынша өңірлер мен республикалық маңызы бар қалалар арасында бесінші орында тұр.

Қазіргі таңда өңірде инвестициялық жобалардың пулы анықталып, өзекті мәселелерді шешу жөнінде іс-қимылдар алгоритмі бекітілген. Аудан әкімдерінің қатысуымен арнайы семинарлар ұйымдастырылып, инвестицияларды басқарудың жаңа тәсілдері талқылануда. Жалпы, әр аудан бойынша бір форматта инвестициялық карта әзірленген. Инвестициялық жобаларды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және жер учаскелерін бөлу мақсатында үш ауданда субаймақ құру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Бұл өзекті мәселе облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тұрақты назарында. Мысалы аймақ басшысы кәсіпкерлікті дамыту жоспарлары мен өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту шаралары кеңінен талқыланған кеңесте арқаны кеңге салуға болмайтынын, бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де ширата түсу керектігін атап көрсетіп, аудан әкімдері мен салалық басқарма басшыларына инвестиция тарту үдерісін өрістету, оның ішінде іске асырылмаған ірі жобалар бойынша іс-шараларды жандандыру қажеттігін ескерткен болатын.

– Өткен жылы инвестиция тарту көрсеткіштері бойынша Тараз қаласы мен аудан әкімдері үшін жаңа KPI енгізілді. Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысымен бұл бойынша алғашқы нәтижелер қаралады. Әйтпесе, сіздер жыл соңына дейін жұмыс жүргізілуде, мәселе қарастырылуда деп құтыласыздар. Ол кезде ешқандай сылтау қабылданбайды. Әсіресе,  субаймақтарды құру мәселелері – ерекше бақылауда болады.

Инвесторлар бізді өздері іздеп келмейтінін естен шығармау керек. Бұл үшін әрбір басшы әлеуетті инвесторларды іздеп, ауданның мүмкіндіктерін зерделеу және оларға тартымды жобалар ұсыну қажет. Сондай-ақ шетелдік компаниялармен жергілікті кәсіпорындардың ынтымақтастығын орнату маңызды, – деген еді облыс әкімі.

Қазір облыста осы бағытта ауқымды да жүйелі  жұмыстар тақарылып жатыр. Облыс әкімінің кеңесшісі Дәулетқожа Мамыровтың айтуынша, Ұлттық жоба аясында субсидиялау және кепілдендіру берілетін құралдарға қаржы көлемін 2 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланып отыр екен. Аталған қолдау аясында 1500-ден астам жаңа жобаға 33 миллиард теңгеге жуық несиеге қол жеткізу мүмкіндігі туады деп күтілуде.

– Аймақ басшысының кәсіпкерлікті қолдау, өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында несиелендірудің жаңа бағдарламасын әзірлеу бойынша берген тапсырмасына сәйкес,  «Даму» АҚ-ымен бірлесіп, «Жамбыл бизнес» несиелендіру жобасы дайындалды. Жаңа жоба аясында 2 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Бұдан бөлек, балық шаруашылығын дамыту мақсатында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 500 млн теңге қаражат бөлуді көздеп отыр. Бұл ретте түрлі әкімшілік кедергілерді жою үшін кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын ашу ұсынылады. Өз кезегінде бұл қадам бизнес өкілдеріне барлық қызметтерді бір жерден алуға мүмкіндік береді, – дейді облыс әкімінің кеңесшісі.