Астанада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қала инфрақұрылымына зиян келтіру фактілерінің алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Қала прокуратурасының үйлестіруімен құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдар вандализм әрекеттеріне қарсы жүйелі шаралар жүргізіп келеді.
Қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қала мүлкін қорғау – басты міндеттердің бірі. Осы бағыттағы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2026 жылдың басынан бері бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін 94 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 67 адамға әкімшілік қамақ тағайындалса, 27 тұлғаға жалпы сомасы 5 млн теңгені құрайтын айыппұл салынған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, вандализмге қатысты бірқатар дерек тіркелген. Мәселен, биыл 4 маусым күні елорда тұрғыны мас күйінде полиция бөлімдерінің бірінде есік әйнегін әдейі сындырып, 90 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген. Сот шешімімен азамат 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған.
Тағы бір жағдайда 38 жастағы қала тұрғыны Шейх Кунта Қажы атындағы мешіт аумағындағы маңдайшаларды бүлдірген. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін оған 15 тәулікке әкімшілік қамақ жазасы тағайындалды.
Сондай-ақ 20 жастағы елордалық тұрғын шлагбаумды қасақана зақымдағаны үшін жауапкершілікке тартылған. Сот шешімімен оған 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған.
Мамандардың айтуынша, вандализм – тек мүлікке келтірілген шығын емес, қоғамның ортақ құндылықтарына жасалған жауапсыз әрекет. Қала тазалығы мен көркін сақтау әрбір тұрғынның азаматтық жауапкершілігіне байланысты. Осыған байланысты елорданың прокуратурасы тұрғындар мен қала қонақтарын қоғамдық тәртіп талаптарын сақтауға, айналасындағылардың құқықтарын құрметтеуге шақырады.
Заң талаптарын бұзып, бөтеннің мүлкін қасақана бүлдірген азаматтарға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауапкершілік қарастырылған. Атап айтқанда, мұндай құқықбұзушылықтар үшін 30 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу немесе 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу түріндегі жаза қолданылуы мүмкін.
Қаланы көркейту мен қоғамдық тәртіпті сақтау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Вандализмнің алдын алу үшін тұрғындардың белсенді азаматтық ұстанымы мен жауапкершілігі маңызды.