«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында елді мекендерді абаттандыру жұмыстарына цифрлық технологияларды енгізу мәселесі қаралды. Бұл бағыттағы тәжірибе Атырау облысының әкімдігінде өткен жиында талқыланды.
Жиында Мақат ауданында қолданылып жүрген заманауи цифрлық шешімдер таныстырылды. Ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен абаттандыру қағидаларын бұзу, қоқысты заңсыз шығару мен төгу фактілерін нақты уақыт режимінде тіркеуге, сондай-ақ елді мекендердің санитарлық жағдайын бақылауға мүмкіндік бар екені айтылды.
Талқылау қорытындысында бұл тәжірибені Атырау және Құлсары қалаларында енгізу ұсынылды. Сонымен қатар полиция органдары пайдаланатын ұшқышсыз аппараттардың қызмет аясын кеңейту мәселесі көтерілді. Дрондарды жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қадағалаумен қатар, экологиялық құқықбұзушылықтарды анықтау, заңсыз қоқыс орындарын мониторингтеу және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған өзге де жұмыстарға пайдалану ұсынылды.
Жиын соңында облыс әкімі елді мекендердің санитарлық жағдайына мониторингті күшейтуді, заңсыз қоқыс орындарын уақытылы жоюды, абаттандыру қағидаларының сақталуын бақылауды және экологиялық мониторингті жүйелі жүргізуді тапсырды.