Түркістан өңірінде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар көп. Бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар облыс әкімінің тұрақты бақылауында. Атап айтсақ, аймақ басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде биыл облыс аумағында іске қосу жоспарланған 67 инвестициялық жобаның өзектілігі қайта қаралып, оларға жан-жақты талдау жүргізілді. Нәтижесінде іске асырылу тәуекелі бар 10 жоба анықталды. Аталған жобалардың орнына жаңа 13 инвестициялық жоба енгізіліп, жоспар қайта пысықталды. Осы жұмыстардың нәтижесінде жыл соңына дейін жалпы құны 793,9 миллиард теңгені құрайтын 70 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар аясында 5190 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде.
Жиын барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар басшылары мен аудан, қала әкімдеріне инвестициялық жобалардың белгіленген мерзімде әрі сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, әрбір жобаның орындалу барысын тұрақты бақылауда ұстап, туындаған мәселелерді жедел шешуді, инвесторлармен өзара байланысты күшейтуді, жаңа инвестициялық жобалар тарту жұмыстарын жандандыруды және өңірдің инвестициялық әлеуетін тиімді пайдалануды міндеттеді.
Сонымен қатар аппарат күнтәртібіне қойылған мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек баяндама жасады. Ол өңірдегі инвестициялық жобалардың іске асыру барысына тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі күні өңірде жалпы құны 33,4 миллиард теңге құрайтын 17 инвестициялық жоба іске қосылған. Нәтижесінде 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған.
Сондай-ақ, өңірде жаңа инвестициялық жобалардың бастамашыларымен кездесулер тұрақты түрде өткізілуде. Мәселен, жуырда «Zhouzhi Country Jinzhou State-Owned Capital Investment and Operations» компаниясының өкілдерімен кездесу өтіп, онда аталған компанияның киви өсіру бағытындағы тәжірибелері таныстырылды. Компания өкілдері Түркістан облысының табиғи-климаттық жағдайына, ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетіне қызығушылық танытты. Инвесторларға жылыжай кешендерін орналастыруға қолайлы аумақтарды таныстыру мақсатында Сайрам және Келес аудандарына арнайы іссапарлар ұйымдастырылды. Қазіргі таңда инвестор тарапынан алдағы жұмыстарды қамтитын нақты жоспар әзірленуде.
Сонымен қатар «Sauran Solar Power» компаниясының өкілдерімен өткен кездесуде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сыртқы қорған қабырғасын салу жобасын іске асыру мәселелері талқыланса, «Sin Yuan Steel» компаниясының өкілдері болат өндірісін Түркістан облысының аумағына көшіру және заманауи өндірістік кешен салу жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.