Абай облысында күнбағыс майын өңдейтін жаңа зауыт іске қосылды. Мақаншы ауданында орналасқан «DI-NUR» ЖШС-нің күнбағыс майын өндіру зауытының ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли қатысып, бұл жобаның ауылшаруашылығы өнімдерін тиімді өңдеуге және экспорттық әлеуетті арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
– Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенінде өндірілетін өнімнің көлемін ғана емес, оның сапасын арттыруға, шикізатты терең өңдеуге және экспортқа бағытталған бәсекеге қабілетті өнім шығаруға ерекше назар аударып келеді. Мақаншы ауданында іске қосылып отырған кәсіпорын – осы міндеттердің нақты жүзеге асуының айқын дәлелі. Мұндай инвестициялық жобалар облыс экономикасының тұрақты дамуына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және жаңа өндірістердің қалыптасуына серпін береді. Ерекше атап өтерлігі, май өндіру зауытының негізгі инвесторы өзіміздің жерлесіміз, осы ауданның тумасы Серік Рамбаевтың туған жерге туын тігіп, осындай үлкен өндіріс орнын туған жеріне салып жатқаны үлгі боларлық қадам деуге болады, – деді Берік Уәли.
Жобаның жалпы инвестициялық құны 7 миллиард теңгені құрайды. Заманауи технологиялармен жарақтандырылған өндіріс орны тәулігіне 300 тонна күнбағыс майын шығаруға, 500 тоннаға дейін күнбағыс дәнін тазалау және құрама жем өндіруге қауқарлы. Сонымен қатар кәсіпорында 20 тұрақты және 100 маусымдық жұмыс орны құрылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға елеулі үлес қосады.
Бұл жобаның Мақаншы ауданы үшін стратегиялық маңызы ерекше. Ауданның Қытай Халық Республикасымен мемлекеттік шекарада орналасуы кәсіпорын өнімдерін сыртқы нарықтарға шығаруға, экспорт көлемін ұлғайтуға және халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға және өңірдің транзиттік әрі өндірістік әлеуетін тиімді пайдалануға зор мүмкіндік береді.
Салтанатты жиында сөз алған аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әбен Разуев аудан тұрғындары жаңа зауыттың ашылуымен құттықтады. «Бүгінгі күні ауданға тартылған инвестициялық жоба көп. «Аягөз-Бақты» теміржолының құрылысы, Алакөл жағалауындағы ауқымды инвестициялық жобалар, Бақты ауылындағы мультимодальды құрғақ порт пен логистикалық парк құрылысының басталуы ауданның экономикалық мүмкіндігін арттырып, тың серпін береді. Бұл дегеніміз – мақаншылықтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ауданның дамуына үлкен мүмкіндік. Аудан тұрғындары атынан алғыс білдіремін», – деді.
Биыл өңірде агроөнеркәсіптік кешен саласындағы Жол картасы аясында 23,7 миллиард теңгеге 6 ірі агрожобалары іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде биылғы ақпан айында «Агролидер KAZ» ЖШС бұршақты және майлы дақылдарды қайта өңдеу зауыты іске қосылды. Ағымдағы жылға қайта өңдеу саласы бойынша 8,3 миллиард теңгеге – «QAZAQ-ASTYQ GROUP» ЖШС базасында тазартылған (рафинадталған) май өндірісін және 7,7 миллиард теңгеге «Eurasia Agro Semey» ЖШС базасында ірі ет өңдеу зауыттарын іске қосу көзделген.
Жалпы, мемлекеттік бағдарлама аясында 2031 жылға дейін агроөнеркәсіп саласында 90 ірі агрожоба іске қосылады. Бұл ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеуді кеңейтуге, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға және экспорттық әлеуетті арттыруға айтарлықтай серпін береді.