Тосабына ел тәнті

0 3

Сарқан ауданында бақшасында жеміс-жидек өсіріп, оларды өңдеумен айналысатын кәсіпкер тұрады. Ол – Светлана Мұқашева.

Светлананың бүгінде тұрақты өз тұтынушылары бар. Олар табиғи өнімдерді молынан алады. Кәсіпкер жеміс-жидек отырғызып, оған уақытылы күтім көрсетеді. Сөйтіп, пісіп-жетілгендерін өңдеуден өткізіп, сатылымға шығарады. Оның мұндай кәсіппен айналысып келе жатқанына 10 жыл. Светлана Мұқашева 33 жыл бойы сауда саласында қызмет еткен.

Бау-бақша өсірумен айналысқанды жаны сүйеді. Келіншектің сөзінше, жеміс-жидек түрлерінен тәтті тосап пен сусынның әр түрін әзірлейді. Оны ауылдастары жақсы біледі. Сондықтан болар, олар тапсырысты мол береді. 2013 жылы Светлана жеке кәсіп ашып, бақшасына еккен жемістерін өсіріп, өңдеуге кірісті.

– Кәсіпкерлігім бау-бақшаға алма, таңқурай, қаражидек, мүкжидек, бүлдірген сияқты жеміс түрлерін өсіруден басталды. Ол үшін топырақтың құнарлы, судың сапалы болуы өте маңызды. Сондай-ақ жеміс ерекше күтіп-баптауды қажет етеді. Піскендерін қайта өңдеуден өткізіп, өнім жасаймын. Қазіргі кезде 7 түрлі тосап пен кептірілген жеміс дайындалады. Бастапқыда мұндай жұмыстың бәрі өз күшіммен атқарылатын. Кейіннен үйдегілер көмекке келді. Сөйтіп, бұл іс тұрақты табыс көзіне айнала бастағанда жұмысшылар жалдауға тура келді, – дейді кәсіпкер.

Бүгінде «Мұқашева» жеке кәсіпкерлігінде 5 адам еңбек етеді. Өткен маусымда атқарылатын жұмыс көлемі артып, жалдамалы адам санын жиырмаға жеткізген. Светлананың «Бір ауыл – бір өнім» көрме жәрмеңкесіне қатысып келе жатқанына екінші жыл. Қазылар алқасы мүшелері оған тауарларын «бренд» комитет мүшелері алдында таныстыруға мүмкіндік берді. Іскер әйел алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді көздеп отыр. Жұмыс қолмен атқарылатындықтан кәсіпкер жеміс-жидектерді өңдеу желісін іске қосуды жоспарлауда.

Айта кетейік, Светлана Мұқашеваның өніміне тапсырыс Жетісу аймағынан ғана емес, Алматы қаласынан да келіп түседі. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаев кәсіпкердің экологиялық таза әрі табиғи өнімдеріне деген сұраныстың өсіп келе жатқанын аңғара отырып, аграрлық секторды қалай табысты дамытуға болатынын атап көрсетті.