Толық цифрландырылған қос зауыт

0 4

Қызылорда облысында жұмыс істеп тұрған Orda Glass Ltd және AynaGlass зауытарында шығарылатын кірпіш, шыны, айна өніміне ішкі нарықтан сұраныс жоғары. Сондай-ақ ол зауыттар өнімі шет мемлекеттерге де экспортталады. Қос зауыттың да жұмысы Мемлекет басшысы Жолдауында тапсырғандай толық цифрландырылған. Кейбір цехтарында роботтар жұмыс атқарады.

Бүгінгі күні Orda Glass Ltd ЖШС шыны зауыты өндірістік процестерді толық цифрландыру арқылы жоғары тиімділікке қол жеткізіп отыр. Жылдық қуаттылығы 197,1 мың тоннаны құрайтын зауыт автоматтандырылған және цифрлық басқару жүйелері кеңінен қолданылады. Зауыттың өндіріс бөлімі басшысының көмекшісі Нұрәлі Ермағанбет мұндағы әрбір шынының сапасы жоғары екенін, құрылысқа пайдаланатынын айтты.

– Бізде тәулігіне 550 тонна дайын өнім шығады. Шыны ішкі нарықты толық қамтып отыр. Сондай-ақ мемлекеттерге, атап айтқанда, Қырғыз, Өзбекстан, Ресей, Әзербайжан елдеріне тасымалданады. Мұнда 360 жұмысшы болса, оның 160-ы жергілікті маман. Зауыт толықтай автоматтандырылған. Шыны сапасы жоғары. Құрамы 7 компоненттен тұрады. Басты шикізат – кварц құмы. Ол өзіміздің Аралдан тасымалданады. Жалпы шикізаттың бәрі де жергілікті өнім. Қалдықсыз өнім шығарады, яғни қайта өңделеді. Зауыт тоқтамайды, үздіксіз жұмыс істейміз, үш ауысым бойынша. Біз тұрған аумақ дайын өнімді қаптауға арналған. Кесілген шыныны жинау тәртібі бар. Оны робот атқарады. Қазір 4 робот жинаса, 4-уі қосымша. Егер сұраныс артып жатса, өзге роботтар да іске қосылады. Жиналған шыныны арнайы машина арқылы тасиды. Мұндағы технологияның бәрі де Италиядан әкелінген. Сондай-ақ біз облыста 15-ке жуық жеке кәсіпкермен жұмыс істейміз, – дейді ол.

Екі жыл бұрын кәсіпорында қуаттылығы 5 миллион шаршы метр болатын энергия үнемдейтін шыны өндіру желісі іске қосылған. Бұл өнімдер заманауи технологиялардың нәтижесінде жоғары сапамен сипатталып, қыс мезгілінде жылуды сақтап, жазда күн радиациясын төмендету арқылы энергия тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сұраныстың артуына байланысты өндіріс көлемі де тұрақты өсуде. Кейінгі үш жылда 500 мың тоннаға жуық өнім өндіріліп, оның 70 пайызы ішкі нарыққа, 30 пайызы экспортқа бағытталған. Экспорт географиясы да цифрлық логистика мен өндірістік жоспарлаудың арқасында кеңеюде. Қазақстандық шыны өнімдері Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Беларусь елдеріне жеткізіліп отыр. Сондай-ақ Еуропалық Одақ талаптарына сәйкес Польша, Эстония, Латвия және Швейцария нарықтарына экспортталуда.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруда экономиканы индустриялық дамыту және әртараптандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Былтыр елімізде 33 жаңа өнеркәсіптік кәсіпорын пайдалануға берілген. Солардың қатарында AynaGlass ЖШС да бар. AynaGlass компаниясының жұмысы да алдыңғы зауыты сияқты толық цифрландырылған. Жартылай дайын өнімдер роботтардың көмегімен желіге орналастырылып, өңдеудің барлық кезеңдері цифрлық басқару арқылы бақыланады. Зауыт басшысы Айжан Өмірзақованың айтуынша, шыны беті автоматты түрде фильтрленген сумен жуылып, 400-600°С температурада кептіріледі. Кейін вакуумдық камерада магнетрондық тозаңдату әдісімен екі қабат арнайы бояу жағылып, айнаға айналады. Өндірістік желінің жалпы ұзындығы 176 метр, ал зауыттың ішкі аумағы 6 мың шаршы метр. Кәсіпорын тәулігіне шамамен 3300 шаршы метр дайын өнім шығарады. Барлық процесс шамамен 40 минут ішінде аяқталады. Дайын өнімді роботтар жинайды, әрбір айнаға зауыттың атауы, өндірілген күні мен уақыты белгіленеді. Өндіріс барысында сапа қатаң бақылауда ұсталып, ақауы бар өнімдер дереу өндірістен алынады.

– Бастапқы кезде өзге елдердің өндірісін зерттеп көрдік. Роботты құрылғыларды өндіруде көш бастап тұрған Қытай зауытына тоқталдық. Бұл технология – танымал бренд. Әлемнің озық елдері қолданысқа енгізген. Біз қолданып отырған автоматтандырылған технологияның мүмкіндігі зор. Былтыр екі ел арасында келісімшарт жасалып, арнайы мамандар келді. Олар үш ай бойы технологияны орнатып, монтаждады. Жергілікті мамандарға тілін үйретіп, жұмыс істеу процесін көрсетті. Бұл құрылғылар жылдық қуаттылықты екі есе орындауға қауқарлы, – дейді зауыт басшысы.

Бұл – еліміздегі алғашқы зауыт. Осы кезге дейін өнім сыртқы елдерден тасымалданып келді. Сондықтан Қызылордада ашылған зауыт импортқа тәуелділікті азайтып, отандық өнімнің өрісін кеңейтеді.

– Бұл салада жүргенімізге жиырма жылға жуықтады. Бұған дейін «Комфорт – 1KZ» ЖШС-ын құрдық. Ол – облыстағы шыңдалған әйнек шығаратын бірегей зауыт. Әйнектен энергия үнемдейтін және жарық шағылыстыратын қасиеті бар қос қабат терезелер мен айна жасайды. Сондай-ақ витрина, кабина, шатыр, жиһаз, мөлдір баспалдақ, қалқа сияқты көптеген интерьер зат шығарады. Былтыр жаңадан салынған стадионға қажетті әйнекті осы «Комфорт –1KZ» ЖШС-нан алды. Тәжірибеміз бар болған соң, айна өндірісіне келдік. Қазір технологияның мүмкіндігі мол. Бәрі де автоматтандырылған.  Енді тұтынушыларды тарту үшін тиісті шаралар жүргізілуде. Бұдан бөлек алда жоспар көп. Мәселен, түрлі-түсті айна шығаруды көздеп отырмыз, – дейді Айжан Өмірзақова.