Тәуелділіктің ең қауіпті түрі – есірткі
Бүгінгі қоғамда, өкінішке орай алкогольге, есірткіге, темекіге, құмар ойынға, интернет пен телефонға тәуелді адамдар саны артып келеді. Бұл мәселе тек бір адамның ғана емес, бүкіл қоғамның болашағына әсер ететін қауіпті құбылысқа айналды. Мұндай тәуелділік адамның денсаулығына, психологиялық жағдайына және отбасы тыныштығына да кері әсер етеді. Әсіресе жастар арасындағы зиянды әдеттердің көбеюі алаңдатады.
Тәуелділіктің ең қауіпті түрі – есірткі. Есірткі адамның денсаулығын әлсіретіп қана қоймай, оның болашағына да үлкен қауіп төндіреді. Мұндай адам қоғамнан алыстап, түрлі қылмысқа баруы мүмкін. Мамандардың айтуынша, жастардың есірткіге әуестенуіне көбіне жаман орта мен қызығушылық себеп болады. Кейбір жасөспірімдер оны бір рет қолданып көрудің өзі қауіпті екенін түсінбейді. Алайда есірткі адам ағзасын тез әлсіретіп, жүйке жүйесін бұзады.
Есірткінің салдары өте ауыр. Ол адамның психологиялық күйзеліске әкеледі. Есірткіге қарсы күрес – баршамыздың міндетіміз. Жастарға дұрыс тәрбие беріп, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру маңызды. Спортпен айналысу, білімге ұмтылу және пайдалы ортамен араласу – жаман әдеттен сақтайтын тиімді жол.
Ал алкогольге тәуелділік көптеген отбасылық жанжалдардың, жол-көлік оқиғаларының себепшісі де болып жатады. Ішімдік – уақытша әуестік емес, үлкен мәселе. Алкогольге тәуелділік – қазіргі қоғамдағы күрделі мәселелердің бірі. Кей адамдар ішімдікті күйзелістен арылудың немесе көңіл көтерудің жолы деп санайды. Бірақ уақыт өте келе бұл әдет адамның денсаулығына және өміріне үлкен зиян тигізеді. Алкоголь адамның жүйке жүйесіне әсер етіп, түрлі аурулардың пайда болуына себеп болады. Ішімдікке тәуелді адам жақындарымен қарым-қатынасын жоғалтып, қоғамнан алыстай бастайды. Салауатты өмір салты – алкогольден сақтанудың ең тиімді жолы. Спортпен айналысып, пайдалы ортамен араласқан адам жаман әдеттен аулақ болады.
Бүгінгі күні кең тарағаны интернет пен телефонға тәуелділік. Әлеуметтік желіде ұзақ отыру жастардың білімге деген қызығушылығын төмендетіп, уақытты бос өткізуіне әкеледі. Сонымен қатар ұйқының бұзылуы, көру қабілетінің нашарлауы сияқты мәселелер туындайды. Өкінішке орай, бүгінде интернет адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Ол ақпарат алуға және байланыс жасауға мүмкіндік береді. Алайда интернетті шамадан тыс пайдалану тәуелділікке әкеледі. Кей адамдар шынайы өмірдегі қарым-қатынасты азайтып, барлық уақытын телефонмен өткізеді. Мұндай жағдай жалғыздық пен күйзеліске әкелуі мүмкін.
Тағы бір өзекті мәселе – құмар ойын. Жеңіл жолмен ақша табуды көздеген адам уақыт өте келе үлкен қарызға батып, психологиялық күйзеліске ұшырайды. Мұндай жағдай отбасы берекесін қашырады. Мамандардың айтуынша, тәуелділіктің алдын алуда отбасының рөлі ерекше. Бала тәрбиесі ең алдымен отбасынан басталады. Ата-ана баласына дұрыс тәрбие беріп, оның бос уақытын тиімді ұйымдастыруы қажет. Спортпен айналысу, кітап оқу, өнерге қызығу – жастарды зиянды әдеттен сақтайтын маңызды жолдардың бірі. Ал тәуелділікке түскен адамды қоғамнан шеттету дұрыс емес. Қазіргі таңда көптеген адамдар емделіп, жаңа өмір бастауға тырысуда. Мұндай жандарға қолдау көрсету – адамгершіліктің белгісі. Себебі әр адам қателесуі мүмкін, ал дұрыс қолдау оның өмірін өзгертуге көмектеседі.
Ал темекі шегу – адам денсаулығына үлкен зиян келтіретін әдеттердің бірі. Соңғы жылдары жастар арасында вейп қолдану да көбейіп келеді. Кей адамдар оны зиянсыз деп санайды. Алайда вейптің құрамындағы химиялық заттар адам ағзасына қауіпті әсер етеді. Темекі өкпе, жүрек және қан тамырлары ауруларына себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар оның түтіні айналадағы адамдарға да зиян тигізеді. Жастардың мұндай әдетке әуестенуінің басты себептерінің бірі – еліктеу. Сондықтан ата-ана мен мұғалімдер жасөспірімдерге дұрыс бағыт беруі қажет.
Қалай десек те тәрбие отбасынан басталады. Отбасы – қоғамның ең басты тірегі әрі тәрбие бастауы. Әр адамның мінезі, өмірге деген көзқарасы мен болашағы ең алдымен отбасында қалыптасады. Бүгінгі таңда жастар арасындағы түрлі мәселелер, соның ішінде тәуелділік пен зиянды әдеттердің көбеюі қоғамды алаңдатып отыр. Мұндай жағдайлардың алдын алуда отбасының орны ерекше. Ата-ана баласының кіммен араласатынына, бос уақытын қалай өткізетініне назар аударып, оған дұрыс бағыт беруі қажет. Баламен ашық сөйлесіп, оның мәселесіне түсіністікпен қарау – тәрбиенің маңызды бөлігі.
Отбасындағы мейірім мен сыйластық баланың дұрыс азамат болып қалыптасуына ықпал етеді. Бір-біріне қолдау көрсететін жанұяда өскен бала мейірімді, жауапкершілігі мол және еңбекқор болады. Ал керісінше, ұрыс-керіс жиі болатын ортада өскен бала психологиялық қиындықтарға тап болуы мүмкін. Сонымен қатар отбасы – ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрдің сақталатын орны. Үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу, адал еңбек ету сияқты қасиеттер алдымен отбасында үйретіледі. Сондықтан ата-ана баласына жақсы үлгі көрсетуі керек.
Қорытындылай келе, отбасы – адам өміріндегі ең маңызды құндылықтардың бірі. Тәрбиелі, білімді және саналы ұрпақ қалыптастыру үшін әр отбасы өз жауапкершілігін сезінуі керек. Себебі мықты отбасы – мықты қоғамның негізі.