Табыс 3,9 млрд теңгеге жетті

0 3

Алматы облысында туристік маусымның қызуы өңір экономикасына да әсерін тигізіп отыр. Саяхатшылардың көбеюі қонақ үйлер мен демалыс орындарының ғана емес, тамақтану, көлік, экскурсия және сауда қызметтеріне сұранысты арттырған. Нәтижесінде туризмнен түсетін бюджет кірісі де айтарлықтай өскен.

Жыл басынан бергі сегіз айдың қорытындысы бойынша облыс қазынасына туристік қызметтен 3,9 млрд теңге түскен. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда бұл – 39,3 пайызға жоғары көрсеткіш.

Өңірдегі туристік белсенділіктің артуын қызмет көрсету нарығындағы өзгерістерден де аңғаруға болады. Биыл алғашқы алты айда қонақ үйлер мен демалыс орындарына 263,7 мыңнан астам адам орналастырылған. Осы кезеңде көрсетілген қызметтердің құны 8,34 млрд теңгені құрады. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 6,39 млрд теңге болған.

Туристер ағынының ұлғаюы жаңа нысандардың ашылуына да түрткі болып отыр. Қазір облыста саяхатшыларды қабылдайтын 308 нысан бар. Өткен жылы олардың саны 285 болған. Яғни бір жыл ішінде туристік орналастыру орындарының саны 23-ке артқан.

Мамандардың айтуынша, туризмнен түсетін экономикалық пайда тек тікелей салық түсімдерімен шектелмейді. Бір туристің сапары барысында қонақүй, қоғамдық тамақтану, көлік, сауда және экскурсия қызметтеріне қаржы жұмсалады. Бұл өз кезегінде жергілікті кәсіпкерлердің айналымын ұлғайтып, жұмыспен қамтуға ықпал етеді. «Турист келген сайын өңірдегі бірнеше қызмет түріне сұраныс пайда болады. Сондықтан басты мақсат – келушілер санын көбейтумен бірге, олардың облыста ұзақтау аялдауына және сапалы қызмет алуына мүмкіндік жасау», – дейді Алматы облысы туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы.

Өңірдің туристік әлеуетін шетелдіктер де бағалай бастаған. «eQonaq» жүйесінің мәліметі бойынша, биыл облысқа 113 659 шетелдік саяхатшы келген. Осы көрсеткішпен Алматы облысы республика көлемінде үшінші орынға жайғасқан.

Шетелдік және отандық туристердің қызығушылығы негізінен табиғи көрікті жерлерге бағытталған. Жылдың сегіз айында «Іле-Алатау», «Көлсай көлдері» және «Шарын» ұлттық парктеріне келгендердің жалпы саны 1,92 миллион адамға жеткен. Ең көп келуші «Іле-Алатау» ұлттық паркінде тіркелді – 1,32 млн адам. «Көлсай көлдеріне» 399 мыңнан астам, ал «Шарынға» 202 мыңға жуық турист барған.

Ал демалысын су жағасында өткізуді қалайтындар үшін Қонаев қаласындағы Қапшағай жағалауы негізгі бағыттардың біріне айналған. Биыл мұнда 2 миллионға жуық демалушы келген.

Қазір Алматы облысының туристік нарығында 48 туроператор мен 24 гид қызмет көрсетеді. Туристік ағынның өсуі өңірдегі қызмет көрсету саласының кеңеюіне жаңа серпін беріп, табиғи нысандарды экономикалық айналымға тиімді енгізуге мүмкіндік беріп отыр.