Соңғы жеті жылда киберқылмыс он есе өскен

0 11

Ақпараттық технологиялардың дамуын адамзат игілігі үшін ақылмен пайдаланбаса, қатері көп. «Қалам ақымақтың қолына тисе, көсеуге айналады» дегендей, қазір интернет желісінің мүмкіндіктері алаяқтардың да пайдасына жарап тұр. Сондықтан да интернет алаяқтық – киберқылмыс болып саналады. Қылмыстары «цифрланған» кибералаяқтардың кесірінен әлемде киберқылмыс өршіп барады.

Кейінгі жылдары киберқылмыс, интернет алаяқтық мәселесі Қазақ­станды да алаңдата бастады. Ішкі іс­тер министрлігінің мәліметінше, ел­дегі барлық киберқылмыстың 99 пайызын интернет алаяқтық құрап отыр. Соңғы жеті жылда киберқылмыс он есеге дейін өскен. Салдарынан, был­тыр ел азаматтарына кибер­қыл­мыстан 21 миллиард теңге шығын кел­ген. Ішкі істер министрінің орын­басары Айдос Рысбаевтың ай­туынша, биыл жыл басынан бері 3645 интернет-алаяқтық дерегі тір­кел­ген.

–  2023 жылдың ақпан айымен са­лыстырғанда киберқылмыс саны 8,3 пайызға өсті. Бұл көрсеткіш жал­пы қылмыс санының 18 пайы­зын және барлық алаяқтық қыл­мыс­­тың 43 пайызына тең. Қабыл­дан­ған шаралар нәтижесінде был­тыр 3,7 мыңнан астам кибер­қыл­мыс ашы­лып, 1 891 адам ұста­лып жауап­кер­ші­лікке тартылды. Жәбірленуші­лерге 850 миллион теңге шығын өтелді, – дейді министрлік өкілі.

Бірақ, қоғамда алаяқтарға ал­дану­шылар қатары азаяр емес. Ма­мандардың айтуынша, қоғамда қаржылық сауаттылықтың және сы­ни ойлаудың төмендігі, «көп ақ­ша тапсам», «тез байып кетсем» де­ген қиялдың жетегінде жүргендер са­нының артуы алаяқтардың ай­ла­сын асыруға бірден-бір себепкер бо­лып отыр.

– Қазір алаяқтар Америка не­месе Ресей, Украинада, Түркияда әлем­нің кез келген түпкірінде оты­рып, айласын жүзеге асыра береді. Тіп­ті, қосымшалар арқылы кез кел­ген телефон нөмірінің соңғы 4 са­нын басқа бір компанияның нө­мі­рі­не айналдыра салады. Дауысты да кейбір қосымшалардың көмегімен өз­гертіп, сенімге кіріп, алдаудың да жолдары бар. Олар ВПН, IP адрес ар­қылы да адамдарды тонай алады. Бірақ, соларды ұстау көп жағдайда қиын­дық тудырады. Әрине, IP ад­рес арқылы Қазақстанда табуға бо­ла­ды, бірақ олардың көбі ВПН пай­­­­даланғаннан кейін деректер ауы­сып кетеді де, табу қиынға соғып жа­тады, – дейді Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев.

Киберқылмыстың артуына он­лайн режимдегі қызмет түрлерінің көптігі де әсер етіп отыр. Интернет алаяқ­тар кез келген адамның элек­трон­дық поштасына вирустық хат­тарды, SMS-хабарламалар немесе қо­сарланған сайтқа апаратын сіл­темелері бар push-хабарламалар жі­беру арқылы арам ойын оңай жү­зеге асырады. Сонымен қатар әр­түрлі ұтыс ойындары мен лото­рея­ларға қатысуға үгіттеу немесе не­сие қарыздарының коллек­тор­лар­ға берілгендігі туралы хабарлама жіберу арқылы көрсетілген сіл­те­ме­ге енгізілген жеке деректер бойын­ша, танымал мессенджерлерде жал­­­­ған боттар жасау арқылы да аза­маттардың карточкаларынан бар­лық ақшаны ала алады және олар­ға алаяқтық жолмен несие де бе­ре алады. Статистика деректеріне сүйенсек, бопсалаушы бағдар­ла­ма­лар кесірінен әлемде жыл сайын ша­мамен қарапайым азаматтардың 1 млрд электрондық поштасы бұзы­ла­тын болса, бұл ғаламшардағы әр­бір бесінші интернет пайдалану­шы­ның зардап шегетінін білдіреді.

Қазақстан киберқылмыспен кү­ресу мақсатында сегіз жыл бұрын «Киберқалқан» тұжырымдамасын әзір­леп, қабылдаған болатын. Оны іс­ке асыру мерзімі екі кезеңге бө­лін­ді. Біріншісі, 2017-2018 жылдар ара­лығында іс-шаралар жоспары бе­кітіліп, заң нормалары жетіл­діріл­ді. Ақпараттық қауіпсіздік сала­сы­ның мамандарын көбейтуге көңіл бө­ліне бастады. Екінші кезеңі, 2019-2022 жылдар аралығында ұлт­тық ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды ақпараттық қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етуге қазақстандық IT-ком­па­ния­лар­дың негізді түрде қатысуы қам­та­масыз етілді. Сондай-ақ қажетті нор­мативтік құқықтық база жетіл­діріл­ді. Нәтижесінде, Қазақстан «Жаһандық киберқауіпсіздік ин­дексі» зерттеу есебінің жалпы әлем­дік рейтингінде 31-орынға көтерілді.

Мемлекет басшысының тап­сыр­масы бойынша Ақпараттық-ком­муникациялық технологиялар мен киберқауіпсіздік саласын цифр­лық трансформациялау және да­мыту тұжырымдамасының 2023-2029 жылдарға арналған жобасы ая­сында «Қазақстанның киберқал­қа­ны-2» тұжырымдамасының жаңа нұсқасы дайындалды. Тұжырым­да­ма аясында елде өңірлік цифрлық хаб­ты қалыптастыру, байланыс са­ла­сын монополиядан арылту, ки­бер­қауіпсіздікті күшейту және ден­саулық сақтау, білім беру, азаматтық қауіп­сіздік салаларында жасанды интеллектіні дамытуға басымдық бе­рілмек. Азаматтар мен бизнесті жыл­дамдығы жоғары интернетпен, ал республикалық және негізгі об­лыстық жолдарды мобильді кең жо­лақты желілермен қамту бойын­ша жұмысты аяқтау жоспарланып отыр.

Құзырлы органдар кибер­қыл­мыс­қа қарсы күресті күшейтіп, түрлі ал­дын алу шараларын қабыл­да­ға­ны­мен, халықтың қаржылық сауат­ты­лығы басты рөл ойнайтынын айта­ды мамандар.

– Ең бастысы, алдымен қоғамда ки­бергигиена деген ұғымды қа­лып­тастыру керек. Мысалы, қаржы пи­­­­рамидалары мен интернет алаяқ­тар­ды «оңай олжаға елітіп, қаржыға қарқ қыламын» деуінен-ақ тануға болады. Кез келген адам әлеуметтік же­лілердегі ақпараттарға көзсіз еріп кет­пей, критикалық ойлауға дағ­ды­лануы керек. Оңай олжа қақпанда ға­на болатынын естен шығармаған аб­зал, – дейді Дәулет Төлеутайұлы.

Сондықтан, қулығына құрық бой­ламайтын интернет алаяқтардың ар­бауына түсіп, сан соғып қалмау үшін кез келген адам күмәнді қо­сым­ша немесе сайтқа жеке деректі тір­кемеу, кез келген сілтемеге өтуде абай болу, құпиясөзге мұқият болу деген секілді қарапайым ережелерді ес­тен шығармағаны жөн. Себебі, бү­гінгі күні киберқауіптен қорғау, ки­берқауіпсіздік мәселесі тек мем­лекеттің немесе құзырлы орган­дар­дың ғана міндеті емес, жекелеген аза­маттардың да сауаттылығы мен сақ­тығының мәселесі болып отыр.