Ел спортшылары Бішкекте топ жарды

0 2

«Amanat»  партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында да талай игі бастамалар жүзеге асырылып келеді. Биліктің қолдауын сезінген мүмкіндігі шектеулі азаматтар да өздерінің белсенділіктерін танытуда.

Қырғыз елінің Бішкек қаласында Сурдлимпиадалық еркін күрестен жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында Әлем чемпионаты өтті. Аталған жарысқа 16 мемлекеттен 120-дан аса спортшы қатысып, Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасы сапында 29 спортшы ел намысын қорғаған еді. Оның ішінде, облыстық дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубынан 5 спортшы қатысты. Жарыстың қорытындысы бойынша жерлестеріміз Нышанбек Мырзахмет жасөспірімдер арасында 60 килограммда жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, ересектер арасында 86 килограммда Шыңғысхан Әлдибаев және 74 килограммда Ғасыр Тұрғынбай қола жүлдеге қол жеткізді. Бұл орайда спортшылардың жеке бапкері Ерназар Қонысбаевтың ерен еңбек сіңіргенін айта кеткен жөн.

Әлем чемпионатының чемпионы мен жүлдегерлерін жамбылдық жерлестері лайықты қарсы алып, құрмет көрсетті. Аталған жиында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков сөйлеп, ел мақтаныштарын Бішкектегі тамаша жеңісімен құттықтап, алдағы аламандарға да табыс тіледі. Сонымен қатар, аталған спортшылардың бапкері Ерназар Дүйсенұлы ел сенімін ақтаған шәкірттерімен мақтанатынын айтып, алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті. Осылайша, Бішкекте бағы жанған спортшыларға тараздықтар ерекше құрмет көрсетті.