Шаруалар жәрмеңкеде 215 миллион теңге табыс тапты

0 3

Елордадағы жәрмеңке алаңында Алматы облысының шаруалары үшін қызу сауда жүрді. Бірнеше күнге жалғасқан шарада өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 180 тонна өнім ұсынып, жалпы 215 миллион теңге табыс тапты. Жәрмеңкеде жеміс-жидек пен балдан бастап, түрлі ауыл шаруашылығы өнімдеріне дейін тұтынушыға тікелей сатылды.

Жәрмеңкенің алғашқы күнінен-ақ алматылық шаруалардың өніміне сұраныс жоғары болды. Тауардың жартысынан астамы бір күннің ішінде өтіп кеткен. Кейінгі күні де сауда алаңында адам қарасы үзілмей, елордалықтар өзіне қажетті өнімді өндірушінің өзінен сатып алуға мүмкіндік алды. Бағаның қолжетімді болуы да сатып алушылардың қызығушылығын арттырды.

Жәрмеңкеге Еңбекшіқазақ ауданынан келген бағбан Фатима Лазгиева үшін мұндай шараның орны бөлек. Ол елордаға сегіз түрлі алма сортын және жемістен жасалған кептірілген өнімдерін алып келген. Шаруа қожалығының өнімдері табиғи жолмен дайындалып, құрамына қоспалар мен бояғыштар қосылмайды.

«Астанада өтетін жәрмеңкеге 2013 жылдан бері қатысып келеміз. Биыл 3 тонна өнім әкелдік. Оның 2 тоннасы алғашқы күні сатылып кетті. Әсіресе апорт алмасына сұраныс жоғары. Кейбір тұтынушылар оны арнайы іздеп келеді», – дейді бағбан.

Фатима Лазгиеваның айтуынша, бау-бақша өсіру – олардың отбасы үшін кәсіп қана емес, бірнеше жылдан бері қалыптасқан дәстүр. Кемертоған ауылындағы 3 гектар жерге алма бағын өсіріп отырған отбасы жыл сайын шамамен 50 тонна өнім жинайды. Биылғы өнімнің елорда тұрғындары тарапынан жақсы қабылдануы шаруа үшін еңбектің нәтижесін сезінудің бір көрінісі болды.

Жәрмеңкеде бал өнімдеріне де қызығушылық жоғары болған. Алматы облысынан келген Гүлнара Қашқынбаева бұл шараға алғаш рет қатысып отыр. 15 жылдан астам уақыттан бері ара шаруашылығымен айналысатын кәсіпкердің шаруашылығында 150 ара ұясы бар. Биыл омартадан 9,5 тонна бал алынған.

Алайда бал өндірудің өзі өнімді тұтынушыға жеткізумен аяқталмайды. Кәсіпкердің айтуынша, оны өткізу мәселесі шағын шаруашылықтар үшін кейде күрделі міндетке айналады. Осы тұрғыдан алғанда, елордадағы жәрмеңке өндіруші мен сатып алушыны бір алаңда кездестіруге мүмкіндік берген.

«Ара шаруашылығында негізгі жұмыс мамыр айында басталып, қыркүйекке дейін жалғасады. Осы кезеңде омарталарды әр жерге көшіріп, араларға қажетті жағдай жасаймыз. Кейде 300 шақырымға дейін жол жүруге тура келеді. Еңбегі ауыр болғанымен, нәтижесі көңіл қуантады. Биыл жәрмеңкеге алғаш рет қатысып, өнімді тікелей тұтынушыға өткізудің тиімділігін көрдік», – дейді Гүлнара Қашқынбаева.

Мұндай сауда алаңдарының ерекшелігі – делдал санының азаюында. Өндіруші өз өнімін тікелей ұсынады, ал тұтынушы тауардың қай жерде және қалай өндірілгенін біле отырып, оны қолжетімді бағамен сатып алады. Осылайша жәрмеңке екі тарап үшін де тиімді сауда алаңына айналып отыр.

Алматы облысы үшін бұл бағыттың маңызы жоғары. Өйткені өңір тұрғындарының басым бөлігі ауылдық елді мекендерде тұрады. Ауыл шаруашылығы көптеген отбасы үшін негізгі табыс көзі саналады. Сондықтан шаруалардың өнімін өткізуге жағдай жасау, жаңа нарықтарға шығуына мүмкіндік беру және еңбегін қолдау өңірдегі аграрлық сектордың дамуына тікелей әсер етеді.

Елордадағы жәрмеңке де осы мақсаттағы жұмыстардың бір нәтижесі болды. Алматы облысының шаруалары қысқа мерзім ішінде 180 тонна өнім өткізіп, 215 миллион теңге табыс тапты. Ал қала тұрғындары табиғи әрі жаңа ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің өзінен сатып алды.

Мұндай кездесулердің тағы бір маңызды тұсы – қала мен ауыл арасындағы экономикалық байланысты нығайту. Бір жағында маусым бойы өнім өндіруге күш салған шаруа тұрса, екінші жағында сапалы азық-түлік іздеген тұтынушы бар. Жәрмеңке осы екі тараптың арасындағы тікелей байланысты қалыптастырып, ауыл еңбегінің нақты нарыққа шығуына жол ашып отыр.