Шағынауданда заманауи тұрғын үй кешені салынады

0 5

Семей қаласындағы Қарағайлы шағынауданында заманауи тұрғын үй кешенін салу жоспарланып отыр. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 100 млн АҚШ долларын құрайды.

Жобаға 9,5 гектар аумақ бөлінген. Мұнда 12 қабатты бірнеше тұрғын үй салынып, жалпы 2 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі. Құрылыс нысандарының жалпы алаңы шамамен 198,6 мың шаршы метрді құрайды.

Тұрғын үй кешені тек көпқабатты үйлерден тұрмайды. Жоба аясында көлік тұрағы, коммерциялық орындар, жеке балабақша және балаларды дамыту орталығы қарастырылған. Аулалардың бір бөлігі көлік қозғалысынан босатылып, аумақтың 35 пайызы көгалдандырылмақ.

Жоба авторлары тұрғындарға қолайлы қалалық орта қалыптастыруға басымдық беріп отыр. Аумақта саябақ пен субұрқақ орналастыру, сондай-ақ Smart City технологияларын енгізу көзделген. Кей нысандарда Face ID жүйесін қолдану жоспарланған.

Инвестициялық жобаның ерекшелігі – құрылыс жұмыстары шетелдік тікелей инвестиция есебінен қаржыландырылмақ. Жобаны «Cornerstone Construction» компаниясы мен «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бірлесіп жүзеге асырады. Жобаға қатысты ынтымақтастық туралы меморандумға «Семей» ӘКК басқарма төрағасы Мұхтар Әлімханұлы мен «Cornerstone Construction» директоры Liu Binsheng қол қойды.

Абай облысының әкімі Берік Уәли Қарағайлының соңғы жылдары белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа тұрғын үй құрылысы шағынаудандағы халық санының өсуіне сәйкес инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.

Қазір Қарағайлыда тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік және спорттық нысандар, қоғамдық кеңістіктер бой көтеріп жатыр. Жаңа жоба осы аумақтағы құрылыс қарқынын одан әрі арттырып, Семейге инвестиция тартудың жаңа бағытын қалыптастыруға тиіс.