Семейде спорт кешенінің іргетасы қаланды

0 3

Кез келген мемлекеттің өсіп-өркендеуіне оның әлеуметтік-экономикалық дамуы және саяси тұрақтылығы оң әсерін тигізетіні түсінікті. Осы орайда халықтың денсаулығы да өте маңызды рөл ойнайды. Өйткені мемлекеттің алға қойған мақсат-мүддесін, стратегиялық жоспарларын іске асыратын сол елдің азаматтары. Демек ол міндетті орындау үшін бірінші кезекте ұлттың саулығы қажет. Ал бұл мақсатты жүзеге асыру үшін ең алдымен бұқаралық спорт пен спорттық инфрақұрылымды дамыту керек. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында талай мәрте айтып, осы бойынша Үкіметке тиісті тапсырмалар берген болатын. Президент тапсырмасына сәйкес Семей қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің іргетасын қалау рәсімі өтті.

Айтулы іс-шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қатысты. Аймақ басшысының айтуынша, Президенттің қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында жүзеге асырылатын жобаның өңір тұрғындары үшін маңызы жоғары.

– Мемлекет басшысы Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында бұқаралық спортты дамыту – саламатты ұлт қалыптастырудың маңызды элементі екенін атап өтті. «Абайға құрмет» акциясын ірі инвесторлар да қолдап отырғанын ілтипатпен айта кеткен жөн. Атап айтсақ, «KAZ Minerals» компаниялар тобы жаңа шағын ауданда  жаңа стадион құрылысын бастап кетті. Осы үрдіспен «Самұрық – Қазына» АҚ спорт кешенін салуға өз қолдауларын білдіріп отыр. Бұл – өңіріміз үшін үлкен қуаныш. Бұл жоба тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына, жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруына және бұқаралық спортты дамытуға үлкен серпін береді, – деді Берік Уәли.

Ал өз кезегінде «Самұрық Қазына» басшысы жаңа нысанның қала тұрғындары үшін маңызды орталыққа айналатынын атап өтті. Жаңа нысанның жалпы ауданы 2000 шаршы метр. Екі қабатты орталықта әртүрлі спорт түрлеріне арналған зал, 100 көрерменге арналған трибуна, күрес және бокс залдары, тренажер залы мен қосалқы бөлмелер қарастырылған. Жобаны құны шамамен 1,6 миллиард теңгені құрайды.