Санаттың домбырасы сапасымен тәнті қылуда

0 1

Байзақтық домбыра жасау шебері Санат Сағындықовтың қолынан шыққан аспаптарға өңірде сұраныс жоғары. Аспаптың сапалы жасалғандығынан болар, еліміздің батысындағы Атырау, Ақтаудан, басқа да қалалардан тапсырыс берушілер бар.

Отыз төрт жастағы Санат жастайынан өнерге жақын, ұсталыққа бейім болып өскен. Бүгінде өмірден өтіп кеткен нағашы атасы Төлепберген мен ағасы Қайрат ұстаханаларында ат әбзелдерін жасап, ер-тоқым мен қамшы өрген екен. Санаттың қолөнерге деген қызығушылығы осында туған. Ол бала кезінен шеберханадан шықпай, атқарылған жұмысты ерекше ынтасымен қарап, үйренуге тырысыпты.

– Бала кезімде нағашыларымның қолынан шыққан ат әбзелдеріне, қамшыларға қызығып өстім. Қызыққаным соншалық, жазғы каникулымның бәрі сонда өтетін. Ауылға келе сала ермексаздан түрлі мүсіндер жасаушы едім. Енді, міне, сол кәсіпті араға ондаған жыл салып барып, қайта қолға алып, үй жанынан шағын шеберхана ашып, қолға алдым, – дейді Санат Әуесбекұлы.

Ол ойға алған ісінің хас шеберіне айналу үшін Алматы қаласында домбыра жасап жүрген досы Есмұратқа көмекші болып орналасып, үш жыл бойы кәсіптің қыры мен сырын меңгереді.

– Бүгінгі таңда домбыраға деген сұраныс артқан. Облыс орталығы Тараз қаласынан сұраныс көп түседі. Сұранысты қанағаттандыру мақсатында өзіме қажетті құрал-жабдықтарды толық жинақтап барып, өткен жылы кәсібімді бастап кеттім. Қасымда қолынан іс келетін жолдасым Алмас Байжанов бар. Аспапқа қажетті ағаштарды Алматы қаласынан арнайы алдырамыз. Қазір әлеуметтік желісінің пайдасы көп болып тұр. Сол арқылы дайын өнімдерімізді жарнамалап, насихаттап отырамыз. Аудан, қала тұрғындары да бір-бірінен естіп, тапсырыс беріп жатады.

Кәсіпті бастаған күннен бері есептесек 200-ден аса домбыра жасап, өткерген екенбіз. Атырау, Ақтау қалалардан тапсырыс берушілер де бар. Ондағы кәсіби мамандар қызыл ағаш, жаңғақ ағашы, Кавказ үйеңкісінен жасайтын көрінеді. Бұл ағаштардан жасалған аспап қымбат тұратындықтан бағасы да жоғары болады. Өз ауданымыздағы Саз мектебінің оқушылары да көп жағдайда қайыңнан жасалған біздің өнімімізді пайдалануда, – дейді шебер.

Ұстаның жасаған домбырасын К.Әзірбаев атындағы Саз мектебінің директоры Панабек Ахметов те жоғары бағалайды.

– Біз өз оқушыларымыздың ата-аналарына домбыраны мүмкін болса Санаттан алуға кеңес береміз. Себебі оның домбырасының үні жақсы шығады. Балалардың жасына қарай оның көлемі де сұранысқа байланысты жасалады. Бұған дейін Алматы қаласынан алдыртқан аспаптардың сапасы төмен, әрі жасөспірімдерге ыңғайсыздау болды. Сол үшін де біздің таңдауымыз Санат пен Алмастың қолынан шыққан аспаптарға түсіп отыр, – дейді ол.

– Әрбір істің өзіне тән қызығы мен қиындығы болатыны белгілі. Домбыра жасау өнері адамды шыдамдылыққа, икемділікке, ең бастысы жауапкершілік пен тиянақтылыққа үйретеді. Домбыраның әрбір бөлшегін дайындап, құрастыруда ешқандай қателесуге болмайды. Әрбір жасаған домбырам сатылымға дайын болғанда көңіліме қуаныш сыйлайды. Ал тапсырыс берушілерімнің алғысы, ризашылығы мен жылы лебізі мені әрдайым шабыттандырып отырады, – дейді Санат.

Кәсіпкер айына орта есеппен елу домбыра жасайды. Алдағы уақытта сұранысқа қарай жасалатын аспап санын арттыруды мақсат етіп отыр. Ол үшін мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қатысып, өз бағын сынап көрмекке ниетті. Тіпті болмаса, төмен пайызбен несие алып, кәсібін жүргізуді мақсат етіп отырған жайы бар.

Шағын цех іші мұнтаздай таза. Қабырғаға қаз-қатар ілінген домбыралар өзінің әсемдігімен ерекше көз тартады. Даусы күмбірлеп тұрған, қазақы ою-өрнекпен безендірілген домбыраға қызығушылар көп. Бұл домбыра кімнің қолынан шыққан дегенде мақтанатындай деңгейге жетуді қалайтын жас кәсіпкер осы жолда тынбай ізденіп еңбектене беретінін айтты.