Қарқаралыда су құбырлары тартылып жатыр

0 9

Қарқаралы ауданының алты ауылында су құбыры желілері тартылуда. Одан бөлек, тоғыз ауылында блок-модульдік сорғы стансалары орнатылып жатыр.

Су құбыры тартылатын ауылдардың қатарында Қарағайлы кенті, Бүркітті, Теректі, Угар, Матақ және Томар ауылы бар. Жоспарға сәйкес күз айында әуелі Угар, Матақ және Томарға тартылады.

– Угар және Томар ауылдық округтерінде су құбырлары болған. Бірақ, жөнді жұмыс істемеді. Сондықтан ауыл тұрғындары құдық суын пайдалануға мәжбүр. Суы да тұзды. Енді осы ауылдарда жаңа желілер салынады. Қазірдің өзінде жұмыстар 70 пайызға орындалды. Қалған елді мекендерде жұмыс жалғасуда, – дейді Қарқаралы ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Талғат Омаров.

Ауданда Жарлы-Қарқаралы су құбырының құрылысы аяқталуға жақын. Блоктық-модульдік сорғы стансалары 200 адамға жуық тұрғыны бар Бастал, Мыржық, Белдеутас, Милыбұлақ, Жалпақішілік, Қарыншы, Қызылшілік, Аққора және Шөптікөл ауылдарында орнатылады.

– Қарыншы мен Жалпақішілікте жұмыстар аяқталды. Жаз айларында басқа ауылдарда да жаңа сорғы стансалары орнатылады. Осы жобалардың барлығы орындалса, ол аудандағы сапалы ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткішін 93 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді, – дейді Қарқаралы ауданының ТКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы Қуандық Таласбаев.