Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев және облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов Қармақшы ауданына жұмыс сапары барысында Төребай би ауылының тұрғындарымен кездесіп, елді мекенді газдандыру жобасының жүзеге асу барысын тексерді.
Қазіргі уақытта ауыл ішінде газ құбырларын тарту және ішкі тарату желілерін орнату жұмыстары жүргізілуде. Жобаны «Asia Story KZ» және «Grand Structure Engineering» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері іске асыруда. Жоба құны 479,5 млн. теңгені құрайды.
Газдандыру жұмыстары Қазақстан Республикасын газдандырудың 2023–2030 жылдарға арналған бас схемасына және Қызылорда облысын газдандырудың 2023–2027 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес атқарылуда.
Өңірде табиғи газға қол жеткізу көрсеткіші тұрақты өсім көрсетіп келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстың газдандыру деңгейі 83 пайызға жетіп, 4 қала мен 56 елді мекен табиғи газ жүйесіне қосылған.
Биыл жалпы құны 4,9 млрд. теңгені құрайтын 14 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде 2 жоба өтпелі, 12 жоба жаңа бағытта жүзеге асуда. Нәтижесінде 10 елді мекен тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізіп, газдандырылған ауылдар саны 66-ға жетіп, қамту деңгейі 85 пайызға дейін ұлғаяды деп күтілуде.
Сонымен қатар газдандыруды кеңейту мақсатында жалпы құны 15 млрд. теңге болатын 9 жоба әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған. Бұл бастамалар қолдау тапқан жағдайда қосымша 11 ауылды табиғи газ жүйесіне қосу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның 2026–2030 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы аясында Жаңақорған ауданындағы 6 елді мекенді газдандыру көзделген.
Облыс басшылығы өңірдегі газдандыру жобаларын жүйелі түрде жалғастырудың маңызын атап өтіп, жұмыстарды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.