Өрт сөндіру бекеті ашылды

0 4

Төрт елді мекенге қызмет көрсететін жаңа өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді. Бұқар жырау ауданының Ақбел ауылында орналаскан бұл нысан шамамен 900 тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Өңір басшысы жаңа бекеттің ашылуы ауылдық жерлердегі төтенше жағдайларға жедел ден қою мүмкіндігін арттыратынын атап өтті.

– Жаңа пост – ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігі. Ол төтенше жағдайларға жылдам әрекет етуге мүмкіндік береді. Мұндай нысандар ірі өрт сөндіру бөлімдерінен алыс орналасқан ауылдар үшін аса маңызды. Биыл облыста ауылдық аумақтарда екінші өрт сөндіру бекеті ашылып отыр, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Өрт сөндіру бекеті Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында ашылды. Жоба ауылдық жерлерде қауіпсіздік жүйесін күшейтуге және төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыруға бағытталған.

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов ауылдық аумақтарда мұндай бекеттердің ашылуы стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

– Біздің мақсатымыз – әрбір ауылда өрт сөндіру бекетінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Бұл тек ғимарат емес, тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей кепілдік. Биыл облыста 18 ауылдық бекет салу жоспарланып отыр, бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады, – деді министр.

Жаңа бекет төтенше жағдайлардың алдын алу және жедел әрекет ету уақытын қысқарту арқылы ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.